Пайдалануға берілген пәтерлер саны өскенімен, баға төмендемей тұр

Жарияланды
Тұрғын үй нарығындағы баға қалай өзгерді / фото: gemini generated

Қазақстанның тұрғын үй нарығы оң динамика көрсеіп тұрғанымен, бұл өсім ел аумағында біркелкі таралмаған. 2026 жылдың І тоқсанындағы статистикаға сүйенсек, республика бойынша 37 583 бірлік баспана пайдалануға берілген (өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда +8,5%)

Астана – құрылыс көшбасшысы

Халықтың ірі қалаларға шоғырлану процесі – құрылыс нарығының басты драйвері. Елорда нарықтың жартысына жуығын өзіне тартып тұр. Астанада 13 193 бірлік баспана салынған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,2%-ға артық және бүкіл Қазақстандағы жаңа үйлердің 35%-ын құрайды.

Алматы да қалыс қалған жоқ: оңтүстік астанада 8 654 үй (өткен жылғы деңгейден +7,2%) тұрғызылды. Ал Шымкент 24,6% өсіммен (2 151 бірлік) мегаполистер үштігін түйіндеп тұр. Яғни, құрылыс компанияларының басты назары әлі де сұраныс жоғары, урбанизация қарқыны мықты ірі қалаларға шоғырланған.

Аймақтардағы ахуал: Абай облысы рекорд жаңартты

Пайыздық көрсеткіштерге қарасақ, күтпеген көрініс байқалады. Сан жағынан аз болғанымен (бар-жоғы 371 бірлік), Абай облысы жаңа құрылыс қарқыны бойынша рекордшы: өткен жылмен салыстырғанда өсім бірден 75,8%-ды құрады.

Қарағанды облысы да (+62,5%, 694 бірлік) құрылыс алаңдарының қызған уақыт. Сондай-ақ, Ұлытау облысында 33,6% динамика (147 бірлік) байқалады.

Ал, экономикалық әлеуеті зор батыс өңірлерде тұрғын үй салу қарқыны айтарлықтай төмендеген. Мұнайлы Атырау (530 бірлік, былтырғы көлемнің 77,1%-ы ғана) мен Ақтөбеде (915 бірлік, 76,3%) құлдырау байқалады.

Ең төменгі көрсеткіштердің бірі Павлодар облысына тиесілі: мұнда небәрі 176 үй салынып, өткен жылғы межеден 20,4%-ға артта қалып отыр.

Еске сала кетейік, жалпы республика бойынша орташа есеппен жаңа үйдің 1 шаршы метрі 612 мың теңгеге жуық (612 315 теңге), ал қайталама нарықтағы (ескі) үйлер одан сәл қымбатырақ – шамамен 624 мың теңге (624 495 теңге). Пәтер жалдау құны шаршы метріне орта есеппен 5 мың теңгені (4 991 теңге) құрап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз