Павлодарда балаларды қинаған тәрбиеші 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды

Жарияланды
зорлық
Павлодарда балаларды қинаған тәрбиеші 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Павлодарда әлеуметтік желідегі жан түршігерлік видеодан кейін 33 жастағы тәрбиешінің ісі бойынша атышулы сот процесі аяқталды. Бейнекамералар әйелдің екі жасар бүлдіршіндерді күн сайын жүйелі түрде ұрып-соғып, желкеден нұқып, лақтырып, итеріп және шашынан жұлғанын тіркеген.

Сот үкімі

Істі Павлодар облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Сотталушы Қылмыстық кодекстің екі бабы – 140-бап («Кәмелетке толмағанды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау») және 110-бап («Қинау») бойынша кінәлі деп танылды.

Сот оған 3 жыл мерзімге педагогикалық қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сотталған адам жазасын орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуі тиіс.

Жазаны өтеуді кейінге қалдыру

Үкім шығару кезінде сот әйелдің өз кінәсін толық мойындағанын ескерді. Сонымен қатар, қылмыс жасалған кезде ол жүкті болған. Бүгінде оның үш кішкентай баласы бар, сондықтан сот жазаны бес жылға кейінге қалдыруға мүмкіндік беретін норманы қолданды.

Зардап шеккен балалардың ата-аналарының моральдық шығынды өтеу туралы талап-арызы ішінара қанағаттандырылды.

Ата-аналар келіспейді

Жәбірленуші тараптың адвокаты Дәурен Қосдәулетовтің «Курсивке» хабарлауынша, ата-аналар үкімге шағымданбақ ниетте.

«Жәбірленушілердің саны мен жазаның сәйкессіздігін қоса алғанда, бірқатар себептер бар. Біз сондай-ақ моральдық шығын өтемақысының мөлшерімен де келіспейміз. Сот әр балаға 400 мың теңгеден белгіледі, алайда, біздің ойымызша, бұл сома тым төмен. Салыстыру үшін: ересектердің денсаулығына жеңіл зиян келтірілгеннің өзінде көбінесе 500 мың теңгеден бастап өндіріп береді. Бұл жағдайда әңгіме сол кезде екі мен үш жас аралығында болған балалар туралы болып отыр. Біздіңше, өтемақы әр балаға кемінде бір миллион теңгені құрауы тиіс», — деп мәлімдеді ол.

Адвокаттың айтуынша, апелляциялық шағым заңда белгіленген мерзімде берілетін болады.

Еске сала кетейік, іс бойынша 16 бала жәбірленуші деп танылды, олардың бесеуіне қатысты қинау фактісі дәлелденді. Сот-медициналық сараптама кейбір бүлдіршіндердің денесінде көгерулер мен сыдырылған жарақаттар бар екенін тіркеген.

Сондай-ақ оқыңыз