Тоқаев БҰҰ жұмысына сыни баға берді

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға барып, Анталия дипломатиялық форумының панелдік сессиясына қатысты. Ол сөзінде БҰҰ-ның жұмысына да баға беріп, реформ жүргізу керек деген ойын тағы бір қайталады.
«Әрине, БҰҰ – баламасы жоқ әмбебап ұйым, сондықтан әрбір мемлекетке белгілі бір жауапкершілік жүктеледі. Біріккен Ұлттар Ұйымына қолдау көрсету керек екенін жұрттың бәрі айтады. Бұл – факт. Бірақ Ұйымға қолдау көрсетіп қана қоймай, оған реформа жасау керек. Бұл да шындық. Ашығын айтқан жөн, «Ұйымға тез арада реформа жасалады» дегенге ешкім сенбейді. Өйткені БҰҰ-ны реформалау, өзгерту, қызметін қайта қарау мәселесін көптен бері көтеріп жүрміз. Одан ешқандай нәтиже шыққан жоқ. Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау, ең алдымен, Қауіпсіздік Кеңесінен басталуы керек екенін мойындауымыз қажет, – деді Тоқаев.
Сондай-ақ президент халықаралық аренадағы Түркияның және көшбасшысы Режеп Тайып Ердоғанның да рөлін бағалай кетті.
– Ең алдымен, көреген көшбасшы Режеп Тайип Ердоғанның жетекшілігімен Түркияның осы аймақта зор рөл атқаратынын айтқым келеді. Өңір әлсін-әлсін бетпе-бет келіп отырған өзекті мәселелердің шешімін табуға елдеріміз айтарлықтай атсалыса алады деп ойлаймын. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Президент Ердоғанның келесі айда Қазақстанға жасайтын мемлекеттік сапарына ерекше мән беріп отырғанымызды жеткізгім келеді, – деді ол.
Тоқаевтың БҰҰ жұмысына сын айтып жатқаны бірінші рет емес. Оның мәлімдемелерінен кейін көпшілік арасында БҰҰ-дағы жұмысына оралмақ ниетте деген әңгіме тараған. Бірақ жыл басында ол ұйымға оралатын ойым жоқ деп ашық айтқан.