Жасанды интеллект тіл үйренуде ұстаз бола ала ма: мамандар пікірі қандай

Жарияланды
Businness news бөлімінің тілшісі
фото: kursiv.kz

Қазіргі кезде жасанды интеллект адамзат өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Қай саланы алсақ та, ЖИ-ді сенімді көмекші құралы ретінде пайдаланатындардың қатары күн сайын артып келеді.

Дегенмен, тіл үйренуде жасанды интеллект өз рөлін толыққанды атқара ала ма? Бұл сұраққа келгенде қоғам пікірі екіге бөлінді. Бірнеше тілді еркін меңгерген полиглот технологияның мүмкіндігіне сеніммен «иә» деп жауап берсе, академиялық орта мен тәжірибелі тіл мамандары «технология ешқашан адамның орнын баса алмайды» деген кесімді ойға табан тіреді.

Бұл сауалға Жоғары білім беру саласының халықаралық сарапшысы Жазира Есенкелдиева терең талдау жасады.

ЖИ арқылы тіл үйрену мүмкін бе?

Мүлдем тіл білмейтін адам, әсіресе бастапқы кезеңдерде Chat GPT немесе  Gemini сияқты платформалар арқылы жеңіл грамматикалық ереже, сөз тіркестері, сөздерді үйрене алады. Тіпті бұл жүйелер адамдың жасына қарай да бейімделе алады. Бірақ, жасанды интеллект тірі қарым-қатынас арқылы жүретін тіл үйрену жолын алмастыра алмайды.

«Кәсіби деңгейде тіл меңгеру үшін арнайы мамандардан сабақ алып, курстарға, бағдарламаларға қатысу қажет. Бірақ, бұл жасанды интеллект арқылы тіл үйренуді жоққа шығару емес. Керісінше, жасанды интеллектті көмекші құрал ретінде пайдаланып, тілдік деңгейді көтере аламыз», – дейді сарапшы.

Маман ЖИ-дің мүмкіндігін дұрыс пайдаланған жағдайда, тіл үйрену процесі әлдеқайда тиімді болатынын айтады.

«ЖИ арқылы тіл үйренудің жақсы тұсы – қайта-қайта үйретуден, қатені жөндеуден жалықпайды. Керісінше, қайталау арқылы сөздерді адамның миында жақсы сақтауға көмектеседі. Яғни, адам миы «қайталау және бекіту» механизмі арқылы сөзді жадында жақсы сақтайды», – дейді сарапшы.

Дегенмен, тілді меңгеру тек жасанды интеллекттің өзіне ғана емес, сонымен қатар адамның оны қалай қолданатынына да байланысты, яғни тілді күнделікті әртүрлі ситуацияларда қолдану, үнемі тәжірибе жасау маңызды.

Тіл үйренудегі ЖИ артықшылығы қандай?

Әуелде ЖИ арқылы тіл үйрену уақыт пен қаражатты үнемдейді. ЖИ кез-келген уақытта қолжетімді. Тіпті технологиялық құрылғымен кері байланыс орнатып, жіберген қателіктерді түзей аласыз. Бірақ, тек пассивті қайталау, яғни, сөздерді жаттау сияқты жаттығулар тілді үйренуде нәтижесіз.

Сарапшының айтуынша, егер адам жаттығусыз тек жасанды интеллект жауаптарын оқыса, тілді меңгеру нашарлайды. Тілді үйрену үшін, шынайы өмірлік кейстер орын алғанда нәтижесі мол болады.

Мұғалімнің орнын баса ала ма?

Бұл тек бір жағдайда мүмкін. «Егер студент, оқушы немесе ересек адам дербес оқу дағдыларын мұғалімнің нұсқауынсыз 100 пайыз орындай алса» дейді сарапшы.

«Әлемде ондай адам өте аз. Өз алдымызға оқып бастауымыз мүмкін. Бірақ көп жағдайда бірнеше күннен кейін жігеріміз таусылып, тоқтатып қоюмыз әбден мүмкін. Сол үшін, көбіне, бізді жетелейтін ұстаз болғаны дұрыс. Сол үшін ЖИ мұғалімді алмастыра алмайды», – дейді ол.

ЖИ арқылы тіл үйрен үшін жүйеге дұрыс «команда» бере алу маңызды. Мәселен, шынайы өмірмен байланыстыра отырып әртүрлі бағытта диалог құра білу керек.

«Мысалы, ағылшын немесе басқа тілді үйренгенде, дайын жауап сұрамай, жауабыңызды өзіңіз жазып: «осы дұрыс па? маған қандай кеңес бересің» деп команда беру маңызды. Күніне 15-30 минут болса да, күнделікті қайталау тиімді», – дейді халықаралық сарапшы.

Тіл үйрету орталығының маманы не дейді?

5 тілді меңгерген полиглот Ерсұлтан Исламов «жасанды интеллект» ұстаз бола алмайды деген қисынға тоқталды.

«Қай бір тілді үйренуге ең бірінші орында адам керек. Жасанды Интеллект оператор, жүргізуші, кассир сияқты оңай мамандықтарды ауыстыра алатын шығар. Бірақ, ұстаздық етуді жасанды интеллект жақын арада ауыстыра алмайды. Себебі, тіл оқу, білім алу адам баласы үшін өте күрделі процесс, оның ішінде эмоционалды-психологиялық терең қабаты бар. Ал оны ауыстыра алатын жасанды интеллект жақын арада шығатынына өзім сенбеймін», – деп қысқа қайырды ол.

Тағы бір кейіпкеріміздің ойы халықаралық сарапшының ойымен бірдей болды. 11 тілді меңгерген Дильнараның айтуынша, ЖИ арқылы тіл үйренуге болады. Себебі, кейде мұғалімнің түсіндіре алмағанын, жеткізе алмағанын ЖИ оңай тілде, кішкентай балаға түсіргендей түсіндіріп бере алады.

Немесе аудио қосып қойып ЖИ мен сөйлесіп, білмейтін сөздерді үйренуге болады. ЖИ-дің білмеген сөздерге мысалдар келтіріп, қай кезде қалай қолдану керек екенін түсіндіріп бере алатын қауқары зор.

Тіл үйренетін қандай жүйелер бар?

«Тіл үйрететін цифрлық бағдарламалар өте көп. Біріншісі бәрі білетін «Дуолинго». Бұл бағдарлама тек сөздік қорды және базалық грамматиканы үйретеді. Ал күрделісін үйрену үшін бәрібір кітапқа қарау керек болады. Күнделікті жаттығулар жасамасаңыз, тағы да нәтиже болмайды. Ал сөздік қорды сауатты түрде дамытқың келсе «Glosbe» деген көп адам біле бермейтін цифрлық сөздік бар», – дейді Дильнара.

Тіл – бұл жай ғана сөз жиынтығы емес. Оны үйрену тек аударма жасаумен, ереже білумен шектелмейді. Бұл – мәдениет, сезім және адамзат арасындағы нәзік байланыс құралы. Өзге тілде сөйлегенде, сол халықтың болмысы мен салт-дәстүріне құрмет білдіріп, олардың әлеміне есік ашасыз. Ал жасанды интеллект – осы үлкен әлемге барар жолдағы сіздің сенімді темірқазығыңыз бен заманауи көмекшіңіз ғана.

Сондай-ақ оқыңыз