Экономика

Киберқылмыспен күрес: 18 жаңа алаяқтық схемасы анықталды

Жаңа алаяқтық схамалары анықталып жатыр Фото: shutterstock

Қазақстанда соңғы үш айда интернет-алаяқтық деңгейі едәуір төмендеген. Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен өткен Үйлестіру кеңесі отырысында киберқылмыспен күрес мәселелері талқыланды.

Ресми мәліметке сүйенсек, биыл мұндай қылмыс саны 15,1%-ға азайып, 6 216-дан 5 275-ке түскен.

Бұл нәтижеге мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы мен қауіпсіздік шараларын күшейтуі арқылы қол жетті. Мысалы, қазір несие рәсімдеу кезінде азаматтардың ақшасын қорғау үшін арнайы «ойлану кезеңі» енгізілді.

Ал алғаш рет қарыз алатындар банкке міндетті түрде өзі келуі тиіс. Сонымен қатар, байланыс саласында SIM-бокстарды қолдануға тыйым салынып, абоненттерді биометриялық сәйкестендіру арқылы тіркеу талабы қойылды. Байланыс операторлары қазірдің өзінде алаяқтық қоңырауларды бұғаттайтын жүйелерді іске қосты.

Алаяқтардың шоты арқылы ақша өткізетіндерге (дропперлерге) қылмыстық жауапкершілік енгізілгеннен бері 446 іс қозғалды. Ұлттық банктің Антифрод-орталығы күмәнді схемаларға қатысы бар 2,8 миллиард теңгені бұғаттап үлгерді.

Алаяқтар дипфейкті қолданады

Дегенмен, қауіп әлі де сейілген жоқ. Мамандар киберқылмыскерлер қолданатын 18 жаңа әдісті анықтады. Олардың қатарында фишингтік сілтемелер, дипфейктер (адамның бет-бейнесі мен дауысын айнытпай салу), нөмірлерді ауыстыру және SMS-бластерлер бар.

Әсіресе, WhatsApp мессенджері арқылы жасалатын алаяқтық жиілеп кеткен. Биыл 4 сәуірде елімізде алғаш рет SMS-бластер құрылғысы арқылы жасалған қылмыс әшкереленіп, жаңа схеманың жолы кесілді.

Қылмыстың алдын алу мақсатында 2026 жылғы 18 сәуірден бастап Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет жанынан Қылмыстық қатерлерді болжау орталығы жұмысын бастады.

Бұл орталық жағдайды талдап, мемлекеттік органдарға қауіпсіздікті арттыру бойынша ұсыныстар беріп отырады

Бұған дейін Бас прокуратура интернетте алаяқтардың белсенділігі күрт артқанын ескеркен.