Қазақстан Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағына үшінші рет бітімгерлерді аттандырмақ

Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Голан жоталарындағы миссиясына қатысу үшін үшінші ұлттық бітімгерлік контингентін дайындап жатыр. Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабеков Алматыдағы «Бітімгер» оқу-жаттығу орталығына барып, әскери қызметшілердің дайындық деңгейін тексерді.
Бітімгерлерді оқыту бағдарламасы тактикалық, медициналық және тілдік дайындықты, сондай-ақ халықаралық стандарттар бойынша көпұлтты ортада жұмыс істеу дағдыларын қамтиды.
Тексеріс барысында министр орынбасарына әскерилердің заманауи жабдықтары мен оқу процесі таныстырылып, дайындық сапасына баға берілген,
Голан үстірті – Сирия мен Израиль шекарасында орналасқан даулы аймақ. Халықаралық ұйымдар бұл аумақ Сирияның бөлігі деп таниды. Дегенмен Сирия Голан жоталарының тек шығыс бөлігін бақылауда ұстап отыр.
Басқа бөлігі Израиль қарамағында. 1981 жылы Израиль оның көп бөлігіне аннекция жасап алған. Осман империясы кезінде Палестина аумағы болған. Кейіннен британдық және француздық жер бөлісі кезінде Франция аумағына кіріп, Сирияның бір бөлігіне айналған
Бұл аумақта БҰҰ-ның бақылау миссиясы 1974 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазақстан аталған миссияға 2024 жылдан бастап дербес ұлттық контингент ретінде қатысады.
Қазақстан Таяу Шығысқа әскери контингенттің үшінші легін жіберетіні ақпанда белгілі болған.