
«Қыз Жібек» фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Меруерт Өтекешова қамзол дауына қатысты пікір білдірді. Ол танымал продюсер Баян Алагөзованың меншігіне өткен жәдігердің түпнұсқа екенін растады.
Баян киіп жүрген қамзол – түпнұсқа
Биыл 75 жасқа толған Өтекешова бірнеше күннен бері толастамай тұрған қамзол дауы жайлы пікірін журналист Гүлбану Әбеноваға айтқан.
«Жаңа ғана Меруерт Өтекешева ханыммен атышулы камзол жайлы сөйлестім. Ол Баянның қолындағы қамзолдың түпнұсқа екенін растады«, – деп жазды журналист әлеуметтік желіге.
Қазақтың Қыз Жібегі атанған актриса кезінде көптеген реквизит пен костюм жан-жаққа тарап кеткенін айтқан. Өтекешова музейде салған киімге жөнді қарамайтынына қынжылған.
«Музейде сақталған жалғыз ғана нұсқасы бар екенін, бірақ оған да дұрыс күтім жасалмай отырғанын жеткізді. Мынау қамзол біреудің үйінде сандықта жатқан».
Өтекешова үміті
Алайда актриса қамзол қайда сақталуы керек деген сауалға жауап бергісі келмеген. Өйткені оған реквизит төңірегіндегі әңгіменің дауға айналғанын қаламайды.
«Миллиардердің әйелі мерейтойын тойлап берем дегенге шамасы үміттеніп отырған сияқты әсер қалдырды. Биыл ақпанда Меруерт ханым 75-ке толды», – деп топшылады Әбенова.
Естеріңізге сала кетейік, 17 сәуірде белгілі продюсер Баян Алагөзова Қыз Жібек қамзолын киіп, баға жетпес жәдігерді сыйға алғанын желіде жариялады. Артынша-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігі реквизиттің жеке қолға қалай өткенін тексеретінін мәлімдеді. Дегенмен продюсер «50 жыл бойы ешкім іздемеген» қамзолды ешкімге бермеймін деп отыр.