1,6 млн-нан 5 млн теңгеге дейін: тіс емдеу қызметі қымбаттады

Елде тіс протездеу және имплант орнату бағасы айтарлықтай қымбаттады. 2026 жылдың алғашқы үш айындағы дерекке сай, протездеу құны бір жыл ішінде 13%-ға, ал имплантация 10%-ға өскен. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
Мамандар стоматологиялық қызметтің бес түрі қымбаттағанын айтадын. Оның ішінде тіс жегісін емдеу мен (17,7%-ға) тіс жұлдыру (14,7%-ға) қызметтері қатты өсім көрсетіп отыр. Ал тісті кәсіби тазалату бағасы 12%-ға көтерілген.
Сонымен қатар тіс имплантациясы тым қымбат қызметке айналып барады. Алматы мен Астанадағы бағаларды талдай келе, ең тиімді нұсқа металлокерамикалық сауыттар (коронка) екені белгілі болды. Мәселен, бір коронка құны 46 мыңнан 180 мың теңгеге дейін барады. Цирконий сауыттарының ең арзан бағасы 95 мыңнан басталып, 220 мың теңгеге дейін жетеді.
Стоматологияда All-on-4 әдісі емдеудің ең қымбат түрі саналады. Бұл әдіс бойынша бір жақ сүйегіне төрт имплант қадалып, барлық тістер бірден орнатылады. Мұндай кешенді қызмет пациентке 790 мыңнан 2,5 миллион теңгеге дейін баруы мүмкін. Егер екі жаққа бірдей қажет болса, баға 1,6 миллионнан 5 миллион теңгеге дейін барады. Мұндай баға импланттың өзіне ғана емес, тіс емдетудің күрделілігіне, 3D-модельдеуге, заманауи жабдықтар мен білікті мамандардың жұмысына байланысты белгіленген.
Айта кетейік, жақын арада БЖЗҚ қаражатын қайтадан тіс емдеуге пайдалануға болады.