93 млн теңге заңсыз пайда тапқан ломбард иесінің ісі сотқа жіберілді

Ломбард ашып, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, 93 млн теңге пайда тапқан ақтөбеліктің ісі сотқа жолданды.
Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
«ҚМА Ақтөбе облысы бойынша департаменті ломбард қызметі саласындағы заңсыз кәсіпкерлік фактісі бойынша тергеуді аяқтады», – деп хабарлады агенттік.
Тергеу деректеріне қарағанда, күдікті 2020-2025 жылдар аралығында халыққа тұрмыстық техника – ұялы телефондар, теледидарлар, ойын құрылғылары, фотоаппараттар және басқа да тауарларды кепілмен қарызға беруді ұйымдастырған.
Алайда оның ломбард қызметін жүзеге асыруға міндетті лицензиясы болмаған.
Уәкілетті органдар тарапынан бақылаудан жалтару үшін заңсыз қызмет комиссиялық дүкендер ретінде жасырынған.
Қаржыға мұқтаж азаматтардың жағдайын пайдалана отырып, ол тәулігіне 3,7%-ға дейін жететін жоғары пайыздық мөлшерлемелер белгілеген. Бұл заңмен белгіленген 0,3% шектен 12 есе жоғары.
Мәселен, бір клиент 257 000 теңге көлемінде 10 күнге қарыз рәсімдеп, комиссия шарты бойынша 51 400 теңге (тәулігіне 2%) сыйақы төлеуге мәжбүр болған. Ал заң бойынша бұл сома 7 710 теңгеден аспауға тиіс еді (0,3%).
Қылмыстық жолмен алынған табыс көлемі 93 млн теңгеден асқан.
Сот санкциясымен күдіктінің 3 автокөлігі мен пәтеріне тыйым салынды.
Оған қатысты елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Шымкент қаласы бойынша Қаржы мониторингі агенттігінің департаменті жеміс бермеген алма бақтан 430 млн теңге жымқырып үлгерген басшыға қатысты тергеуді аяқтады.