Tencent келді: Kaspi.kz акционерлерінің құрамы ауысты

Kaspi.kz компаниясының акционерлер құрамында маңызды ауыс-түйіс орын алды. Осы уақытқа дейін компанияның негізгі инвесторларының бірі болған Baring Fintech Venture Funds өзіне тиесілі 6 миллионға жуық акцияны сатты.
Бұл үлесті Қытайдың технологиялық алыбы Tencent компаниясы, Kaspi.kz басшысы Михаил Ломтадзе, компанияның басқарушы командасы және АҚШ-тың ірі университеттік қорлары мен халықаралық финтех-инвесторлар өзара бөліп алды.
Жаңа инвесторлардың маңызы және Tencent-тің келуі
Жаңа акционерлердің арасында Tencent компаниясының болуы өте үлкен стратегиялық мәнге ие. Tencent – әлемдегі ең ірі IT-корпорациялардың бірі. Бүкіл әлемге танымал WeChat мобильді қосымшасының авторы және суперапп бизнес-моделінің негізін қалаушы компания.
Сарапшы Арман Батаевтің пікірінше, мұндай алпауыттың Kaspi-ге қызығушылық танытуы Қазақстандық жобаның әлемдік деңгейде мойындалғанын көрсетеді.
Михаил Ломтадзе мен оның басқарушы командасының акцияларды өз қаражатына сатып алуы Kaspi.kz-тің болашағына деген нық сенімнің белгісі. Әдетте, компания басшылары жобасының өсетініне сенімді болғанда ғана оған қосымша инвестиция салады.
2026 жылдың 1 сәуіріндегі есеп бойынша, Kaspi.kz меншік иелері құрамы жоғарыдағы инфографика бойынша тіркелді. Еске сала кетейік 2026 жылдың қаңтар-ақпан айларында Kaspi bank 72,8 млрд теңге таза табыс тапқан.