
Танымал әнші Мөлдір Әуелбекова тыңдармандарын елең еткізген маңызды мәлімдеме жасады. Ол «КешYou» тобының алтын құрамы қатысатын мерекелік концерттен бас тартып, өнер жолындағы үлкен бір тарауды біржола жабатынын жариялады.
Мөлдір Әуелбекова өзін танытқан аңызға айналған топтың концертіне қатыспайтынын айтты. Ол топтың мерекелік кеші өзісіз-ақ жоғары деңгейде өтетініне сенім білдіре отырып, бұл қадамын өткен шақпен қоштасу деп бағалады.
«Осылайша, өнер жолымдағы үлкен бір кезеңнің бетін өзім үшін жабамын», – деп жазды әнші.
Өнер айдынында жүргеніне 22 жыл толған әнші осы уақыт ішіндегі жетістіктері мен ізденістерін қорытындылауды жөн көрген. Ол тек сахнада ғана емес, түрлі лауазымды қызметтер мен бизнес саласында да өзін сынап үлгергенін атап өтті.
Әнші өзінің жеке шығармашылық кешін өткізуді жоспарлап отыр. Ол алдағы концертінің форматы туралы да ашық айтты. Әнші арзан шоудан қашып, көрерменге рухани азық сыйлайтын сапалы дүние ұсынуды мақсат етеді.
Айта кетейік, жуырда КешYou-дің 20 жылдығына орай «Жүрекпен жасалған…» деректі фильмі шыққан еді. Фильмнен кейін, КешYou-дің тағы бір экс әншісі Балжан Бидаш өзіне қатысты қауесеттерге жауап берген еді.