Wedrink сусындары діни басқарманың халал сертификатын алған ба

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Wedrink халал сертификатын алған ба / Фото: Яндекс карта, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Оқушылар мен студенттердің сүйікті сусынына айналған Wedrink өнімдері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) жанындағы «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау орталығының тексерісінен өтпеген. Бұр туралы басқарманың Kursiv.Мedia сайтына берген жауабында жазылған.

«Аталған кәсіпорынның өнімдері Халал Даму тарапынан тексерістен өтпегендіктен, халал немесе халал еместігі туралы нақты ақпарат бере алмаймыз. Сонымен қатар өнімдерге зертханалық сараптама жасамағанымызды хабарлаймыз», – делінген жауапта.

Бұл ретте діни басқарма халал өнімдерін сертификаттауда халықаралық стандарттарды ұстанатынын жеткізген.

«ҚМДБ жанынан 2014 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау орталығы (бұдан әрі – Халал Даму) халал өнімдерін сертификаттау барысында халықаралық SMIIC стандарттары негізінде дайындалған «Халал Даму» ЖШС-нің бұйрығымен бекітіліп, қолданысқа енгізілген ұйым стандарттарын басшылыққа алады. Сонымен қатар халалға қатысты туындаған мәселелерді шешуде ең бастысы шариғат талабына сәйкестік пен ҚМДБ жанындағы ғұламалар кеңесінде шыққан пәтуаларды басты назарда ұстайды», – делінген жауапта.

Десе де, компания сайтында «Қазақстан Халал Индустриясы Қауымдастығы» (AHIKKZ) ұйымы берген сертификат жариялаған. Бұл құжат 2026 жылдың тамызына дейін жарамды.

700-ден астам отандық компания «Қазақстан Халал Индустриясы Қауымдастығының» берген сертификатын пайдаланып отыр.

Фото: wedrink.pro

Қанша салық төлеген?

Wedrink – Қытай компаниясы. Оның бас кеңсесі Қытайдың Хэнань провинциясындағы Чжэнчжоу қаласында орналасқан. Құрылтайшысы – Чжен Беньцзинь.

Компанияның ауқымы кеңейіп, Шыңжаңдағы Үрімші, Индонезиядағы Джакарта, Малайзиядағы Куала-Лумпур және Таиландтағы Бангкок қалаларында филиалдарын ашқан.

Қазақстанда 2024 жылдың қазан айында тіркелген. Ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, 1,5 жылдың ішінде франшиза арқылы 300-ден аса нүктесін ашқан. Түрлі сусындар мен шай жасалатын шикізат жеке зауытында өндірілетін көрінеді.

«Wedrink international.kz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тіркелген жылы 114 мың теңге салық төлесе, 2025 жылы төленген салығы 821 млн теңгеден асқан.

2025 жылы тағы 450 кәсіпорын «Халал Даму» орталығынан халал куәлігін алған. Осылайша, қазір республикада 2234 кәсіпорын халал өнім өндірумен айналысып жүр. 

Сондай-ақ оқыңыз