Банктер клиенттерді жаңа ереже бойынша тексеретін болады

Жарияланды
Businness news бөлімінің тілшісі
Банк
Қазақстан банктерінде биометриялық тексерудің жаңа ережелері/фото: kursiv.kz

Енді ел банктері мен микроқаржы ұйымдары ақша аудару немесе несие алу кезінде алаяқтыққа жол бермеу үшін арнайы тексеріс жүргізеді. Тексеру кезінде клиенттің камерадағы нақты бейнесі мен базадағы ресми үлгісі салыстырылатын болады.

Жаңа ережеге сәйкес, биометриялық сәйкестендіру клиенттің бет-бейнесі арқылы жүргізіледі. Процесс бірнеше кезеңнен тұрады:

– камера арқылы клиенттің нақты уақыттағы бейнесін алу;
– сәйкестендіру деректерін алу;
– эталондық бет бейнесін алу;
– қазіргі және эталондық бет бейнелерін салыстыру.

Алаяқтар біреудің фотосын немесе дайын видеосын камераға көрсетіп, жүйені алдап кетпеуі үшін арнайы тексеріс жүргізіледі. Ол үшін экранда пайда болған нұсқауларды орындап, камера алдында «тірі» адам екеніңізді дәлелдеуіңіз керек. Мысалы, басыңызды бұру, көзіңізді жыпылықтату немесе күлімсіреу сияқты кемінде үш түрлі әрекет жасау талап етіледі.

Жүйе осы қимылдарды мұқият талдап, оның жасанды емес екеніне көз жеткізеді. Егер тапсырмалар дұрыс орындалмаса немесе күмән туса, тексеріс қайталанады. Ал егер қатарынан үш рет қателік кетсе, жүйе сізді танудан бас тартып, тексеруден өтпеді деп есептейді.

Биометриялық сәйкестендіруден өту туралы шешімді банк немесе микроқаржы ұйымдары қабылдайды.

Сонымен қатар банк клиенттері жеке басын тек бет-әлпеті арқылы ғана емес, алақан ізі бойынша да растай алады. Бұл ретте тексеруден сәтті өткен және эталондық үлгімен дәл сәйкес келген фотосурет ұлттық биометриялық жүйенің базасын автоматты түрде толықтырып отырады.

Сондай-ақ оқыңыз