Жапонияда күшті жер сілкінісі болды – цунами туралы ескерту жарияланды

Жапонияда жағалауларында күшті жер сілкінісі болды. Билік цунами туралы ескерту жарияланды.
CNN ақпаратына қарағанда, Жапония метеорологиялық агенттігі мен АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметіне сәйкес, елдің солтүстік-шығыс жағалауында магнитудасы 7,4 болатын қуатты жер сілкінісі тіркелді. Бұдан кейін биіктігі 3 метрге дейін жететін цунами қаупі туралы ескерту жарияланды.
Қазіргі уақытта тіркелген цунами толқындарының деңгейі жарияланған қауіп деңгейінен әлдеқайда төмен. Иватэ префектурасындағы Кудзи портында биіктігі 0,8 метрлік цунами толқыны байқалды. Су деңгейі әлі де көтеріліп жатыр. Сондай-ақ Иватэ префектурасындағы Мияко портында биіктігі 0,4 метрлік толқын тіркелді.
Токио мен Син-Аомори станциялары арасындағы жүрдек пойыз қозғалысы жер сілкінісінен туындаған электр қуатының үзілуіне байланысты тоқтатылған. Сонымен қатар елдің солтүстігіндегі Акита мен Мориока станциялары арасында да пойыз қозғалысы шектелді. Иватэ префектурасындағы барлық қала маңы пойыздары жүрмейтін болды.
Жапония – жер сілкіністері жиі болатын елдердің бірі. Ол Тынық мұхитының «Отты шеңбері» аймағында орналасқан. Бұл – сейсмикалық және жанартаулық белсенділігі жоғары аймақ. Елдің заманауи тарихындағы ең жойқын апат 2011 жылы болған Тохоку жер сілкінісі (магнитудасы 9,1) болды. Бұл апат ірі цунамиге және ядролық апатқа алып келген.
Былтыр желтоқсан айында Жапонияның солтүстік-шығысында 7,6 баллдық жер сілкінісі болған еді.