Lifestyle

Шетелге шығу арзанырақ: Қазақстанда демалу қымбаттады

Коллаж: kursiv.media архиві

Қазақстанда ішкі туризм рекордтық деңгейге жетті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қонақүй және демалыс орындарына жайғасқан ішкі туристер саны 11%-ға артып, 8,7 млн адамға жетті. Бұл туралы Kursiv.Media energyprom.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Ішкі туризмге сұраныс артып келеді

Соңғы он жылдағы деректерге сүйенсек, ел ішінде саяхаттағандар саны шамамен үш есеге көбейген. Бұл қазақстандықтардың саяхатқа деген қызығушылығы артқанын және және азаматтардың демалыс пен саяхатқа деген көзқарасы өзгеріп жатқанын көрсетеді.

Қазақстандық туристер қонақүйлерге бармайды

Айта кету керек, бұл көрсеткіштер туристерді қабылдайтын орындардың ресми статистикасына негізделген. Сондықтан ресми статистика толық жағдайды көрсетпейді. Іс жүзінде ел ішінде саяхаттайтындар саны әлдеқайда көп. Мәселен, көптеген азаматтар қонақүйлерге тоқтамай, туыстарында қонақ болады, жеке тұрғын үй жалдайды немесе қысқа мерзімді сапарларға шығады. Осының нәтижесінде Қазақстандағы нақты туристік ағын ресми деректерден бірнеше есе жоғары болуы мүмкін.

Елде демалу қалтаны қағады…

Ішкі туризм қарқынды дамып келе жатқанына қарамастан, салада әлі де мәселе көп. Солардың ішіндегі ең өзектісі – баға саясаты.

2026 жылдың наурыз айында Қазақстанда «Демалыс және мәдениет» санатындағы бағалар жылдық есепте 13,2%-ға өсті. Бұл елдегі жалпы инфляция деңгейінен де, қызмет көрсету саласындағы өсімнен де жоғары.

2020 жылдың желтоқсанынан бері бұл саладағы баға 88,3%-ға өскен. Бұл да қызмет көрсету саласындағы орташа көрсеткіштен жоғары.

Қызметтердің бағасы әртүрлі деңгейде өсіп отыр

Жалпы статистика біркелкі көрінгенімен, ішкі құрылымында айырмашылық бар.

2026 жылғы наурызда:

  • бассейн қызметтері – +15,8%
  • кинотеатрлар – +17,5%
  • театрлар– +41,1%
  • қонақүй қызметтері – +9,5% (инфляциядан төмен)

Бұл деректер демалыс пен туризм саласында баға динамикасы әртүрлі екенін көрсетеді.

Айта кетейік, соңғы жылдары елдегі қонақүй қызметінің құны «шарықтап» барады. Егер 2024 жылы орташа баға 15 208 теңге болса, 2025 жылы 19 039 теңгеге дейін көтерілді. Ал 2026 жылдың ақпан айындағы көрсеткіш рекордтық 26 248 теңгені құрап отыр.