Жол ережесін жиі бұзатын шетел азаматтары ықтиярхат ала алмауы мүмкін

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: shutterstock

Жол ережесін бірнеше рет бұзған шетелдік азаматқа Қазақстанда тұруға ықтиярхат берілмеуі мүмкін.

Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссия отырысы кезінде елдегі көші-қон жағдайы және оны реттеу шаралары қаралды. Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, енді Қазақстанда әкімшілік құқықбұзушылық жасаған немесе сотталған шетелдіктерге тұрақты тұруға рұқсат берілмеуі мүмкін. Ал бұл құжат ықтиярхат алу үшін қажет. Бұған дейін мұндай рұқсат алу үшін көбіне шетелдіктің төлем қабілеттілігін дәлелдеу жеткілікті болатын.

«Тұрақты тұруға рұқсат алуға қойылатын талаптар күшейтілді. Заңға бағыну мінез-құлық қағидаты енгізілді, оған сәйкес әкімшілік құқық бұзушылықтардың, оның ішінде жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет бұзу және қылмыстық теріс әрекеттердің болуы тұрақты тұруға рұқсат алуда бас тартуға негіз болады«, – делінген хабарламада.

Ықтиярхат талаптары қалай өзгерді

Жыл басында шетел азаматтары ықтиярхат алу үшін қазақ тілінен тест тапсыруға міндеттелетіні мәлім бодлған еді. Ақпан айында А1 деңгейі жеткілікті болса, наурызда мигранттарға арналған ресми платформада талап В2 деңгейіне дейін көтерілді.

Үкіметтің ұстанымы қандай

Әлеуметтік желі қолданушылары бұл өзгерістер шетелдіктерге ықтиярхат беруді, соның ішінде ресейліктерді, шектеуге бағытталған деген пікірлер айтуда. Олжас Бектенов бұл мәселеде мемлекеттің ұстанымы қандай екенін жеткізді.

«Қазақстан шетелдік жұмыс күші үшін тартымды ел бола түсуде. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанды талантты адамдарды тартатын, яғни білімді әрі ауқатты адамдар жұмыс істеуге, бизнес жасау үшін келетін орынға айналдыру міндетін қойып отыр. Бұл көші-қон саясаты мәселелеріне жаңа көзқараспен қарауды талап етеді. Біз бұл салада тәртіп орнатып, барлық мүдделі тараптарға түсінікті нақты «ойын ережелерін» орнатуымыз керек», – дәп мәлімдеді үкімет басшысы.

Айта кетейік, ведомствоаралық комиссия жиынында ІІМ Ержан Сәденов жарық шағылыстыратын белгісі жоқ көліктер техникалық байқаудан өтпейтінін мәлімдеді. Сонымен қатар орташа жылдамдықты бақылау жүйесі енгізіліп«жасырын» патрульдер көбейеді.

Сондай-ақ оқыңыз