Техбайқау қатаңдайды, «жасырын» патруль көбейеді – ІІМ жолдағы тәртіпті күшейтуде

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media, Асқар Ахметуллин

Енді жарық шағылыстыратын белгісі жоқ көліктер техникалық байқаудан өтпейді. Сонымен қатар орташа жылдамдықты бақылау жүйесі енгізіліп, «жасырын» патрульдер көбейеді. Бұл туралы ІІМ Ержан Сәденов құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы кезінде айтты.

Ведомство мәліметінше, жыл сайын жол-көлік оқиғаларынан 40 мыңға жуық адам жарақат алады, ал қаза тапқандар саны шамамен 2,5 мың адамды құрайды. Десе де, 2025 жылы еліміздің жолдарында қаза тапқандар саны 10%-ға, 2026 жылдың басынан бері 4%-ға төмендеген.

Жол апаты неден болады 

Сәденов апаттардың негізгі себептері ретінде

  • көлік жүргізу мәдениетінің төмендігі;
  • жол инфрақұрылымының жай-күйі (әсіресе қыс мезгілінде);
  • автокөліктердің техникалық жағдайы
  • орташа жылдамдықты бақылау жүйелерімен қамту жеткіліксіз екендігін атады.

Кімдер кінәлі

Ержан Сәденов елде болып жатқан жол апаттарына көбіне тәртібі нашар есер жүргізушілер кінәлі деп санайды.

«Жол-көлік оқиғаларының үлесі, әсіресе, елдімекендерде жоғары болып қалуда, олар барлық апаттардың 84%-ын құрайды. Жүргізушілердің жеке тәртібі нашар – ЖКО-лардың 90%-ы солардың кінәсінен болатыны атап өтілді. Жыл басынан бері 3 млн-нан астам жол қозғаласы ережесін бұзу дерегі анықталды, 5,5 мың жүргізуші мас күйде ұсталды,» – деп мәлімдеді министр ведомствоаралық комиссия отырысында.

Жол апатын қайтсек азайтамыз?

Сәденов жол апаттарын азайту және қозғалыс қауіпсіздігін арттыру мақсатында цифрлық шешімдер енгізіліп жатқанын айтты. Мәселен, республика жолдарында 60%-дан астам заңбұзушылықтарды тіркейтін 30 мыңға жуық камера жұмыс істеп тұр. Министрлік орташа жылдамдықты бақылау жүйесі енгізіліп, бейнебақылау желісін көбейтіп жатыр. Сонымен қатар «жасырын» патрульдеу жұмысы жанданған.

Жарық шағылыстыратын белгісі жоқ көліктер техбайқаудан өтпейді

Оған қосымша көліктің техникалық жай-күйін және техникалық байқаудан өтуін бақылау күшейтілуде. ІІМ газ баллон жабдығы бар көлікті тексеруге қойылатын талаптарды күшейтуді, сондай-ақ жүк және жолаушылар көлігін міндетті жарық шағылыстыратын таңбасы болмаса техникалық байқауға жіберуге тыйым салуды ұсынып отыр.

Министр 1 шілдеден бастап электр скутерлерді пайдалануға қосымша талаптар енгізіліп жатқанын да хабарлады. Онда жауапкершілікті міндетті сақтандыру және кикшеринг компанияларға қойылатын талаптарды қатаңдату қарастырылған.

Еске салайық, жуырда Қостанай–Әулиекөл–Сұрған тас жолында, Әулиекөл маңында жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы болды. Полиция департаментінің мәліметінше, соқтығыс салдарынан төрт адам қаза тапқан.

Сондай-ақ оқыңыз