Әбенов: Назарбаев университеті пәтерінде екі шетел азаматы қарумен ұсталды

Қазақстан полициясы Астанада Назарбаев университетіне қарасты пәтерден екі шетел азаматын қарумен ұстаған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов хабарлады.
«ІІМ түнде Назарбаев университетінің HighVill кешеніндегі пәтерінен екі шетел азаматын қару-жарақ арсеналымен: мылтықпен, тапаншалармен ұстады», – деп жазды Әбенов әлеуметтік желідегі парақшасына.
Бұған қоса, депутат Бас прокуратурадан әкімшілік және үкімет ғимараттарына қарама-қарсы үйдегі оқиғадан хабары бар-жоғын сұрады. Әбенов «Назарбаев университетінің не ойлағаны бар?» деген сауал тастады.
Депутаттың айтуынша, жоғары оқу орнының Астанада пәтері көп. Әбенов ЖОО оларды «жалға берген болуы мүмкін» деп болжайды.
Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық деңгейдегі университет құруды 2006 жылы ұсынған. Ал 2011 жылы «Назарбаев университетінің, зияткерлік мектебінің және қорының мәртебесі туралы» заң қабылданған. Қазір университеттің құрылтайшысы – Үкімет.