Apple-ды 15 жыл басқарған Тим Кук қызметінен кетеді

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
тим кук (ИИ)
фото ЖИ арқылы жасалған

Apple басшысы Тим Кук бас директор қызметінен кетеді. Оның орнын инженерия жөніндегі аға вице-президент Джон Тернус басады. Бұл туралы компания өкілдері хабарлады.

Басшылықты ауыстыру туралы шешімді директорлар кеңесі бірауыздан мақұлдады. Тернус қызметіне 2026 жылдың 1 қыркүйегінде кіріседі. Сол уақытқа дейін Кук СЕО міндеттерін атқаруды жалғастыра береді. Ал бас директор лауазымынан кеткеннен кейін Кук директорлар кеңесінің атқарушы төрағасы ретінде қала бермекші.

«Apple-ге жетекшілік ету мен үшін үлкен мәртебе болды… Джон – компанияны болашаққа бастайтын нағыз лайықты тұлға», – деді Кук.

Тернус компанияны басқару өзі үшін үлкен абырой екенін атап өтті.

«Apple миссиясын жалғастыруға берілген осы мүмкіндік үшін шексіз ризамын», – деді ол.

Тернус Apple-де 2001 жылдан бері жұмыс істейді және компанияның iPhone, iPad және Mac сияқты негізгі өнімдерінің әзірленуін қадағалаған. 2021 жылдан бастап ол жоғары басшылықтың құрамына кіреді.

Тим Кук Apple компаниясын 2011 жылдан бері басқарып келеді. Осы уақыт ішінде компания табысы мен капиталын арттырып, бизнесін айтарлықтай кеңейтті, сондай-ақ өнімдер мен қызметтердің жаңа түрлерін іске қосты.

Былтыр Apple жаңа рекорд орнатып, әлемде 3 млрд iPhone сатылған еді.

Сондай-ақ оқыңыз