Ақмолада адам өлімі болған жол апаты үшін жүргізуші бес жылға сотталды

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
Ақмолада адам өлімі болған жол апаты үшін жүргізуші бес жылға сотталды / Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Ақмола облысында төрт адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасы үшін ер адам бес жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Қайғылы оқиға 2025 жылдың тамыз айында Астана-Петропавл автожолында болған. Жүргізуші қауіпсіздік белдіктерін тақпаған жолаушыларды қалааралық тасымалдаумен айналысқан, сондай-ақ, оның міндетті сақтандыру шарты болмаған.

«Ер адам белгіленген 80 км/сағ шектеуден асып, көлікті 100 км/сағ жоғары жылдамдықпен басқарған және ұялы телефонға алаңдаған. Нәтижесінде ол апаттық жағдай туғызып, басып озу үшін қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен және басқа көлікпен соқтығысуға жол берген», – делінген хабарламада.

Жол апатынан қарсы бағыттағы көліктің жүргізушісі мен оның үш жолаушысы қаза тапты. Сотталған адамның көлігіндегі тағы үш жолаушы түрлі жарақаттар алды.

Сот апаттың себебі жол қозғалысережелерін өрескел бұзу екенін анықтады.

Кінәлі адамға көлік құралдарын басқару құқығынан жеті жылға айыра отырып, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ сот төрт жәрбірленушінің әрқайсысына 5-тен 8 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде моральдық зиян өтемақысын, сонымен қатар өкілдік шығындар мен материалдық шығын сомасын өндіріп алды.

Сот актісі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз