Экономика

АҚШ Иран порттарына қойылған қоршауды алмайтынын мәлімдеді

АҚШ Ормұз бұғазына тосқауыл қойды / фото: gemini generated

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен нақты келісім жасалмайынша, иран порттарынан қоршау алынбайтынын мәлімдеді. Ол өзінің Truth Social желісінде шектеулер Иранды әлсіретіп жатқанын және осы қақтығыста АҚШ-тың мерейі үстем екенін жазды.

Келіссөздердегі белгісіздік

Екі ел арасындағы уақытша бітім сәрсенбі күні аяқталады. BBC-дің мәліметінше Пәкістанда бейбітшілік келіссөздерінің екінші кезеңі өтуі тиіс еді, бірақ оның болар-болмасы әлі белгісіз.

Пәкістан астанасында қауіпсіздік шаралары күшейтілгенімен, АҚШ делегациясын бастап баратын Джей Ди Вэнс әлі Вашингтоннан шыққан жоқ. Иран болса кездесуге қатысатынын әлі растамады.

Теңіздегі текетірес

АҚШ Орталық қолбасшылығының (Centcom) мәліметінше, қоршау басталғалы бері 27 кеме Иран порттарына кері қайтарылған.

Тіпті, жексенбі күні АҚШ әскері қоршауды бұзып өтпек болған Иран туы астындағы жүк кемесін алғаш рет ұстап алды. Тегеран бұл жағдайды «қарақшылық» және бітімді бұзу деп атап, наразылық білдірді.

Ормұз бұғазының жабылуы

Иран екі айдан бері әлемдік энергия тасымалы үшін өте маңызды Ормұз бұғазын жауып ұстап отыр. Бұл әлемдегі жанармай бағасының күрт өсуіне әкелді.

Сенбі күні бұғаз аз уақытқа ашылғанымен, кейін Иранның кемелерге оқ жаудырғаны туралы ақпарат тарап, қайта жабылды. Трамп бұл әрекетті келісімді өрескел бұзу деп айыптады.

Тараптар ұстанымы

Иран АҚШ өз порттарын босатпайынша, бұғазды ашпайтынын айтты. Алғашқы келіссөздерден кейін АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Иранның олардың шарттарын қабылдағысы келмейтінін жеткізді.

Иран Сыртқы істер министрлігі болса, Вашингтонды «орынсыз және заңсыз талаптар қоюды тоқтатуға» шақырды.