Астанада бұрынғы сүйіктісін аңдыған сталкер жазаланды

Астанада бұрынғы қызын жүйелі түрде аңдып, сан мәрте телефон соғып, мазасыз хабарламалар жіберген және өміріне қауіп төндіріп, қоқан-лоқы көрсеткен ер адам сотталды, деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметі.
Іс материалдарына сәйкес, жарты жыл бойы – 2025 жылдың қыркүйегінен 2026 жылдың ақпанына дейін – сотталған азамат жәбірленушіге 150-ден астам рет қоңырау шалып, оған балағат сөздер жазылған хабарламалар жіберген. Сондай-ақ, оның сұлулық салонындағы жұмыс орнына бірнеше рет барған.
Қыздың жұмыс орнында ол жанжал шығарып, мүлікті бүлдірген және жәбірленуші мен оның отбасы мүшелеріне қоқан-лоқы көрсеткен. Осы жағдайлардан кейін оның бұрынғы сүйіктісі үнемі қорқынышта өмір сүре бастаған.
Сот кінәлі адамға 100 сағаттық қоғамдық жұмыс тағайындады және жәбірленушіні іздеуге, аңдуға және онымен байланысқа түсуге тыйым салуды қамтитын ерекше талаптар қойды. Бұдан бөлек, ер адамнан 542 мың теңге өндірілді. Оның 392 мың теңгесі материалдық шығын болса, 150 мың теңгесі моральдық зиян ретінде есептелді.