Қару емес, жәдігер: полиция депутат Әбенов таратқан мәліметті жоққа шығарды

Астана қалалық полициясы екі шетел азаматы қару-жарақ арсеналымен ұсталды деген мәліметті жоққа шығарды. Назарбаев университетіне тиесілі пәтерде шетел азаматтары ұсталғаны жайлы мәліметті бұған дейін депутат Мұрат Әбенов жариялаған.
Жалған ақпарат
Полиция Мәжіліс депутатының әлеуметтік желілерде таратқан мәліметін растамады.
«Әлеуметтік желілерде шетел азаматтары қару-жарақ арсеналымен ұсталды деген ақпарат – жалған«, – деп хабарлады Астана қаласының полиция департаменті Kursiv.Media-ға.
Дегенмен полиция бір азаматтардың тұрғын үйге шынымен күдікті заттарды алып кіргенін, оны көрген тұрғын құқық қорғау органдарына хабарласқанын растап отыр. Артынша полиция қызметкерлері мәліметті тексеруге барған.
«Тексеру барысында жәшікте тарихи және мәдени құндылығы бар актиквар қарулар екені анықталды. Сарапшылар шығарған қорытындыға сәйкес, олар қазіргі заманғы ұрыс қаруына жатпайды», – деп түсіндірді қалалық полиция Kursiv.Media-ға.
Құзырлы орган тұрғындар үшін қауіп жоқ екенін, осы оқиға бойынша заң аясында тексеру жүріп жатқанын ескертті.
Жәдігер қайдан жүр
Назарбаев университеті де әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан мәселеге қатысты жауап берді. Жоғары оқу орнының Kursiv.Media-ға хабарлауынша, ескі қару-жарақ иелері Назарбаев университетінің ұстазы немесе қызметкері емес.
Бұған қоса, білім беру мекемесі тарихи жәдігерлердің Астанада қайдан келгенін түсіндірді.
«Тексеру барысында пәтерде XV–XVIII ғасырлар аралығына жататын жәдігерлер болғаны анықталды. Заттар мұражай экспонаты, қазіргі қаруға қатысы жоқ, оқ ату үшін пайдалануға келмейді», – деп түсіндірді университет Kursiv.Media-ға.
Университет мәліметінше, жәдігерлер Қазақстанға әуе жолы арқылы әкелінген, соны растайтын құжаттар бар.
Естеріңізге сала кетейік, 21 сәуірде парламент депутаты Мұрат Әбенов Назарбаев университетіне қарасты пәтерде екі шетел азаматы қару-жарақ арсеналымен ұсталды деп жариялаған. Оның пікірінше, білім беру мекемесі қарамағындағы пәтерлерді жалға беріп отырса керек.