Сәтқалиев болашақта төртінші АЭС те салынуы мүмкін екенін айтты

Қазақстанда энергия көзінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін кемінде 3-4 атом электр станциясы салынады. Қазір екінші және үшінші АЭС қай аймақта салынатыны нақтыланып жатыр. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев айтты.
«Қазір құрылысты салуға ең қолайлы алаңдарды жан-жақты зерттеп жатырмыз. Болжамды энергия теңгерімі тұрғысынан да, экологиялық және сейсмикалық қауіпсіздік талаптары тұрғысынан да Қазақстанда атом энергетикасын дамытуға арналған бірнеше орын бар екенін көріп отырмыз», – деді ол.
АЭС салуға арналған ең қолайлы аймақ қандай?
Бірінші кезекте, 6 ірі энергетикалық блок салуға мүмкіндік беретін Балқаш маңы. Сондай-ақ кіші және орта қуатты атом реакторларын дамытуға әлеуеті жететін Курчатов алаңы. Бұдан бөлек, энергетика қондырғыларын пайдалануда тәжірибесі бар Батыс Қазақстанды облысы қарастырылады.
«Мұндағы қондырғылар жан-жақты жұмыс істеуге қауқарлы: олар тек жарық беріп қана қоймай, тұрғын үйлерді жылу және ыстық сумен қамтамасыз ете алады. Тіпті теңіз суын тұщыту мүмкіндігі де қарастырылған. Сондықтан бұл өңірдің энергетикалық әлеуеті өте жоғары», – деді Сәтқалиев.
Сонымен қатар 20-30 жылдан кейін Қостанай да Қазақстандағы атом станцияларын салуға арналған перспективалы орынға айналуы мүмкін.
АЭС құрылысына қай елдер мүдделі?
Қазір Оңтүстік Корея, АҚШ, Ресей, Қытай, Франциямен белсенді келіссөз жүргізіліп жатыр.
Жалпы, Қазақстанда атом саласын дамытудың жаңа стратегиясы аясында 2050 жылға қарай еліміздің энергетикалық картасында кемінде үш атом электр станциясы пайда болмақ.