Жаңалықтар

Қазақстандағы екінші АЭС «Мойынқұм» деп аталуы мүмкін

Екінші АЭС-тің қалай аталатыны белгілі болды / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда салынатын екінші атом электр станциясы «Мойынқұм» деп аталуы мүмкін. Бұл туралы Ақорда кулуарында Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев айтты.

«Әзірге екінші АЭС-ті жұмыс барысында «Мойынқұм» деп атадық. Бұл станция да қуаттылығы 1200 МВт құрайтын екі блоктан тұрады. Серіктестермен болашақ вендорды анықтауға қатысты келіссөз жүргізіп жатырмыз», – деді агенттік төрағасы.

Екінші АЭС-тің қайда салынатыны әлі нақтыланбаған. Әзірге үш аймақ қарастырылып жатыр.

Қазақстанда 2050 жылға дейін кемі үш АЭС салынбақ. Жақында Қасым-Жомарт Тоқаев атом энергетикасын дамыту жөніндегі стратегияға қол қойды.

Қазақстандағы алғашқы АЭС Үлкен ауылы маңында салынады. Ол «Балқаш» деп аталатын болды. АЭС құрылысы 10-12 жылға созылуы мүмкін. Қазір Алматы облысындағы Үлкен ауылының маңында инженерлік ізденіс жұмысы жүріп жатыр.