
Қазақстанның қаржы қауіпсіздігінің кепілі саналатын халықаралық резерв наурыз айында айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Бір ай ішінде елдің стратегиялық қоры 73,4 млрд доллардан 67,2 млрд долларға дейін, яғни 8,44%-ға қысқарған.
Сырт көзге алаңдатарлық көрінген бұл көрсеткіштің астарында экономикалық дағдарыс емес, әлемдік нарықта бағаның құбылуы жатыр.
Ұлттық Банктің Монетарлық операциялар департаменті Kursiv.Media ресми сауалына берген жауабында бұл құбылысты алтын-валюта резервтерінің (АВР) қайта бағалануымен түсіндірді. Резерв көлемінің кемуіне қаржының жұмсалып кетуі емес, әлемдік нарықтағы алтын бағасының арзандауы тікелей себеп болған.
Нарықтағы коррекция: алтын неге арзандады?
2026 жылдың наурыз айында бағалы металл құны шамамен 12%-ға төмендеді. Бұл ретте сарапшылар бірнеше іргелі факторды алға тартады. Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың ушығуына қарамастан, алтын бұл жолы өзінің дәстүрлі «қорғаныс активі» деген мәртебесін толық пайдалана алмады.
Нарыққа доллардың нығаюы мен АҚШ-тың мемлекеттік облигациялары бойынша кірістіліктің артуы көбірек әсер етті. Пайыздық мөлшерлемелердің өсуі инвесторлардың назарын алтыннан гөрі табыстырақ активтерге аударуына мәжбүрлеп, бағаға қысым көрсеткен.
Сонымен қатар 2025 жылғы алтын бағасының 65%-дық өсімінен кейін нарықта заңды коррекция орын алды. Бұл – бағаның шарықтау шегінен кейінгі қалыпты теңестіру процесі.
Резерв құрылымы қандай
Қазақстанның резерв портфелінде алтынның үлесі өте жоғары: 70%-дан асады. Мұндай құрылым стратегиялық тұрғыдан тиімді болғанымен, есептілік кезінде статистикаға әсер етпей қоймайды. Алтын бағасы төмендегенде, резервтердің жалпы көлемі доллармен есептегенде азайған болып көрінеді.
Алайда Ұлттық Банк атап өткендей, бұл жерде елдегі алтын қорының нақты физикалық көлемі азайған жоқ. Яғни, құймалардың саны сол күйінде сақталып, тек олардың ағымдағы нарықтық құны «теріс қайта бағалауға» ұшыраған.
Стратегиялық ұстаным: алтын үлес азая ма?
Алтын бағасының құбылмалылығына қарамастан, Ұлттық Банк резервтердегі алтын үлесін азайтуды жоспарлап отырған жоқ. Соңғы жылдары еліміз инфляциялық және геосаяси күйзелістерден қорғану мақсатында алтын жинақтау саясатын саналы түрде жүргізіп келеді.
«Алтын – алтын-валюта резервтері портфеліндегі стратегиялық қорғаныс активі. Оның басты міндеті – портфельдегі өтімділікті (ликвидтілікті), әртараптандыруды (диверсификацияны), сондай-ақ сын-қатерлерді хеджирлеуді қамтамасыз ету. Ұлттық Банк халықаралық резервтерді инвестициялық басқаруды ұзақмерзімді негізде жүзеге асырады. Сондықтан портфель құрылымындағы өзгерістер, ең алдымен, қысқамерзімді нарықтық құбылыстармен емес, іргелі факторлармен айқындалады», – делінген жауапта.
2026 жылдың қаңтарында алтын бағасы бір унция үшін 5600 долларға жетіп, тарихи рекорд орнатқан.