Мүтәліп, Құсайынов және Цхай: ең бай бизнесмендер тізіміне жаңадан қосылғандар

Forbes Kazakhstan журналының 2026 жылғы ең бай бизнесмендер рейтингі айтарлықтай жаңарды. Биылғы тізімге құрылыс, авиация, білім беру және ауыл шаруашылығы салаларында еңбек етіп жүрген алты жаңа есім қосылды.
Шахмұрат Мүтәліп: алтын өндірісіндегі жаңа белес
Рейтингке алғаш рет енген кәсіпкерлердің көшін Шахмұрат Мүтәліп бастап тұр. Ол бірден 22-ші сатыға жайғасқан, дәулеті 482 млн долларға бағаланды. Мүтәліп бұған дейін ірі теміржол мен автокөлік жолдарын, логистикалық кешен салған Integra Construction KZ компаниясы арқылы танылған болатын. Алайда биыл ол «Алтыналмас» алтын өндіру компаниясының 100% акциясын сатып алды. Сонымен қатар кәсіпкер «Казмырыш» компаниясы мен Eurasian Resources Group (ERG) холдингінің 40% үлесін сатып алуға ниетті.
Владимир Сытник пен Айғазы Құсайынов
SCAT әуе компаниясының тең иесі (43%) Владимир Сытник 143 млн доллар байлығымен тізімнің 63-ші орнына тұрақтады. Ал одан кейінгі 64-ші сатыда 132 млн доллар дәулетімен Айғазы Құсайынов келеді.
Құсайыновтың негізгі активтері білім беру және шикізат секторында шоғырланған. Ол танымал KazGASA және Қазақстан-Американ университетіне иелік ететін International Educational Corporation компаниясын басқарады.
Бекжан Мамыт деген кім?
Тізімнің 66-шы орнына Бекжан Мамыт жайғасты. Оның 130 млн доллар капиталы негізінен Qazaq Bitum компаниясымен байланысты. Кәсіпкердің меншігіндегі компания мұнай өңдеу, битум материалдарын шығару және асфальтбетон қоспаларын өндірумен айналысады.
Сондай-ақ оның құрылымына Kaz Petroleum Group мұнай өңдеу зауыты мен Monotrans логистикалық компаниясы кіреді.
Алатау қаласының инвесторы – Юрий Цхай
Белгілі кәсіпкер Юрий Цхай 100 млн доллар дәулетімен рейтингтің 72-ші сатысына енді. Оның Caspian Group компаниясы – жаңадан бой көтеріп жатқан Алатау қаласының негізгі инвесторларының бірі.
Цхай қытайлық серіктестерімен бірге Iconic Towers тұрғын үй кешенін салуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, оның бетон өндіретін зауыттарда және Қостанайдағы болат прокат зауытында (Caspian Steel QZ) үлестері бар.
Бахтияр Оспанов – ауыл шаруашылығының алыбы
Жаңа есімдердің тізімін және жалпы Forbes рейтингін 95 млн доллар дәулеті бар Бахтияр Оспанов қорытындылайды.
Ол «Қазақстанның астық консорциумын» басқарады. Кәсіпкердің иелігінде 22 ауыл шаруашылығы кәсіпорны, алты элеватор мен екі диірмен кешені бар. Оспановтың бизнесі негізінен елімізде астық, бұршақ және майлы дақылдарды өсіруге бағытталған.