Қазақстан нарығына қытайлық Lepas бренді шығады

Қазақстан автонарығына қытайлық көліктің тағы бір жаңа бренді кіреді. Orbis Auto тобы Chery Holding Group концерніне кіретін жаңа халықаралық Lepas бренді іске қосылатынын хабарлады.
Компанияның баспасөз қызметі «Курсив Автоға» Қазақстандағы ресми сатылым 2026 жылдың екінші жартысына жоспарланғанын мәлімдеді.
Жаңа платформадағы кроссоверлер
Lepas бренді Chery-дің экспорттық нарықтарға бағытталған жеке бағыты ретінде дамып келеді. Автокөліктер LEX платформасында құрастырылады, бұл әртүрлі күштік қондырғыларды қолдануға мүмкіндік береді. Яғни, бензинді қозғалтқыштардан бастап, қосылатын гибридтер мен электрлі көліктерге дейін болады.

Жаңа бренд болғанына қарамастан, ол Индонезия мен Италиядағы автосалондарда таныстырылып үлгерді. Ал қазір Оңтүстік Америка және Таяу Шығыс елдерінің нарығына шығуда. Компания Қазақстанды Орталық Азиядағы даму үшін негізгі хабтардың бірі ретінде қарастырады. Жергілікті нарықта бірден бірнеше модельді, негізінен кроссоверлерді ұсыну жоспарланып отыр.
«Қазақстан нарығына брендтің шығуы және Lepas автокөліктерінің сатылымының басталуы 2026 жылдың екінші жартысында күтіледі», — деп хабарлады Orbis Auto компаниясы.

Марка атауының мағынасы
Lepas атауы «леопард» (leopard), «серпіліс» (leap) және «құштарлық» (passion) сөздерінің бірігуінен құралған. Жасаушылардың ойынша, бұл атау көліктердің динамикасын және эмоциялық сипатын айқындап көрсетуі тиіс.

Қазақстанға арналған нақты модельдердің техникалық сипаттамалары әзірге құпия сақталуда. Жинақталымдар, бағалар және дилерлік желі туралы ресми дистрибьютор іске қосу уақыты жақындағанда қосымша ақпарат беретінін жеткізді.