Ақылы жолдардан түскен 87 млрд теңге қайда жұмсалды

2025 жылы ақылы жолдардан Қазақстанға 87 млрд теңге түскен. «ҚазАвтоЖол» АҚ басшысы Дархан Иманашев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қаражаттың қайда жұмсалатынын айтып берді.
Айтуынша, ақылы учаскелерден жиналған қаражат тек сол жолдарды күтіп ұстауға жұмсалады. Қаражат бірінші кезекте жөндеу жұмыстары мен техника сатып алуға бағытталады. Соңғы екі жылда 1200-ден астам техника алынған.
Дегенмен, ақылы жол операторына тағы 1500 көлік қажет. Сонымен қатар, қаражат жол бойындағы сервис нысандарына да бөлінеді. Соңғы екі жылда компания 106-дан астам дәретхана орнатқан.
«Бүгінде екі жолақты жолдың бір шақырымын орташа жөндеуге шамамен 100 млн теңге кетеді. Ал төрт жолақты жолды жөндеу үшін сома бір жарым-екі есе жоғары болады», – деді Иманашев.
Айта кетейік, 2024 жылы ақылы учаскелерден түскен қаражат 48 млрд теңгені құраған. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш екі есеге өсіп, 87 млрд теңгеге жетті. ҚазАвтоЖол басшысы 2026 жылы көрсеткішті 100 млрд теңгеге жеткізуді жоспарлап отыр.