Ауыл клубының директоры 10 жыл бойы ақша жымқырып, 7 жылға сотталды

Қызылорда облысында ауылдық клуб директоры қызметін асыра пайдаланып, бухгалтермен бірге он жыл бойы бюджет қаражатын жымқырып отырған. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.
Тергеу мәліметінше, директор мен бухгалтер жұмысшыларға жалақыны артық мөлшерде аударып, кейін түрлі сылтаулармен (қате есептеу, шоттың бұғатталуы және т.б.) қайтарып алған. Ал қызметкерлердің көпшілігі басшылықтың заңсыз әрекеттерінен бейхабар болған.
Он жыл бойы жалпы 36 млн теңге жымқырған. Сот оларды айыпты деп танып 7 жылға бас бостандығынан айырды.
Бастапқыда судья «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңына байланысты, бухгалтер жазасын қысқартып, 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырған.
Бірақ Бас прокуратура наразылық білдіріп, істі қайта қарады. Нәтижесінде Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот апелляциялық инстанцияның қаулысын өзгертті. Бухгалтердің жаза мөлшері 5 жыл 7 айға дейін ұлғайды.
Бұған дейін Шымкентте жеміс бермеген алма бақ басшысы 430 млн теңге жымқырғанын жазған едік. Ол жалған қабылдау-тапсыру актілері рәсімдеп, олардың негізінде бюджет қаражатын аударып отырған.