Экономика

Kaspi-де жаңа мүмкіндік: мейрамханадағы шотты қалай бөлісуге болады

Шотты бөліп төлеу функциясы қосылды / фото: gemini generated

Kaspi.kz қосымшасында «Есепті бөлісу» (Split Bill) атты жаңа сервис іске қосылды. Бұл функция достар немесе әріптестермен бірге тамақтанғаннан кейін төлемді өзара жылдам әрі әділ бөлуге мүмкіндік береді.

Бұл жаңашылдықтың тиімділігін қазақстандық блогер Рената Құлманғазиева Instagram парақшасында көрсетіп берді. Оның айтуынша, сервис есеп айырысу кезіндегі «кім қаншаға тапсырыс берді?» деген мәселені толық шешеді.

Сервис қалай жұмыс істейді?

Бұл функцияның механизмі барынша қарапайым әрі автоматтандырылған. Алдымен компания ішінен бір адам жалпы шотты Kaspi QR арқылы толық төлейді, содан кейін транзакция мәліметтерінде пайда болған «Есепті бөлісу» батырмасын басып, достарының контактілерін таңдайды немесе оларға арнайы сілтеме жібереді.

Әр қатысушы өз кезегінде сол сілтеме арқылы өзі тапсырыс берген тағамдарын мейлі ол негізгі ас болсын, тек су мен нан болсын, жеке белгілей алады.

Осыдан кейін қосымша әр адамның төлеуі тиіс үлесін автоматты түрде есептеп шығарады, ал пайдаланушылар «аудару» батырмасын басу арқылы өз бөлігін бір кликпен-ақ қайтара алады.

Бұған дейін Kaspi.kz компаниясының акционерлер құрамында маңызды ауыс-түйіс орын алды. Осы уақытқа дейін компанияның негізгі инвесторларының бірі болған Baring Fintech Venture Funds өзіне тиесілі 6 миллионға жуық акцияны сатты.