Экономика

Теңге алтыншы күн қатарынан нығайып келеді

22 сәуірдің сауда қорытындысы бойынша KASE валюта нарығында 1 доллардың құны 463,50 теңге болып бекітілді. Сәрсенбідегі сауда көлемі 364 млн АҚШ долларынан асты. Күндізгі сессияда теңгенің минималды бағасы 460,15 теңгеге дейін барып, қайта көтерілді. Осылайша доллардың бағасы 6 күн қатарынан арзандап, соңғы бір аптада 2,89 пайызға нығайған.

Астана мен Алматыдағы айырбас орындарында долларды 463-464 теңгеден қабылдаса, керісінше 465-466 теңгеден сатуда.

Сарапшы Расул Рысмамбетовтың айтуынша, қазір теңгенің тұрақтылығына сыртқы факторлардан гөрі, еліміздегі жоғары базалық мөлшерлеме көбірек демеу болып тұр. Оның пайымдауынша, егер Ирандағы геосаяси жағдай тұрақталса және Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетуге көшсе, теңге бағамы біртіндеп әлсірей бастауы мүмкін.