Мектептерге бөлінетін бюджет облыстан қайтадан аудандарға берілуі мүмкін

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев білім саласының бюджетін облыстан қайтадан аудандық деңгейге беру мәселесін көтерді. Оның айтуынша, қазіргі жүйеде қаржының облыста қалып қоюы ауыл мектептеріндегі проблемаларды уақытылы шешуге кедергі келтіріп отыр.
«Ауылдарға барған кезде әкімдер білімге бөлінетін қаржы ауданға түспегендіктен, мектептердің мәселесін уақытында шеше алмай отырғанын айтады.Үкімет бұл бастаманы қолдады деп жауап берілді. Алайда Мәжіліске енгізілген заң жобасында бұл норма көрініс таппаған. Осыған байланысты сұрақ: қорытынды дайын ба және оны заң жобасына енгізіп үлгересіздер ме? Сондай-ақ бұл шешімді жаңа оқу жылына дейін іске асыру мүмкін бе? — деді ол.
Депутат сауалына Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков жауап берді. Ол аталған түзету жаңа оқу жылында күшіне енуі мүмкін екенін айтады.
«Бұл норма бастапқы Үкімет қорытындысында болған жоқ, себебі ол жұмыс тобы барысында депутаттардың қосымша ұсынысы ретінде түсті. Қазір ол жан-жақты қаралып, Үкімет тарапынан қолдау тапты. Білім беру шығындарын облыстан ауданға беру қарастырылып отыр. Алайда кейбір бағыттар, мысалы балалардың жазғы демалысы мен ыстық тамақ шығындары облыс деңгейінде қалуы мүмкін. Қазір келісу рәсімдері аяқталған жоқ, алайда екінші оқылымға дейін қорытындыны енгіземіз, — деп түсіндірді вице-министр.
Вице-министрдің сөзінше, бюджет заңнамасы мұндай қайта бөлуді жасауға мүмкіндік береді, сондықтан бастаманы жаңа оқу жылына дейін іске асыру теориялық тұрғыда мүмкін.
Депутат Аймағамбетов заң нормасын құптамады
Алайда Асхат Аймағамбетов білім беру шығындарын облыстық бюджеттен аудандық деңгейге қайтару туралы заң нормасына қарсы шықты. Депутат білім саласына қатысты ұсынылған норманы қазіргі күйінде қабылдауға болмайтынын айтады.
Аймағамбетов бұрынғы басқару тәжірибесін еске салып, мектептер аудандық деңгейде болған кезеңде бірқатар жүйелі проблемалар болғанын атап өтті. Оның айтуынша, ол кезде көптеген мектептердің құжаттары толық рәсімделмеген, кей нысандардың жер мәселесі шешілмеген, ал қаржының басым бөлігі тек жалақы мен коммуналдық шығындарға кетіп отырған.
«Бұрын білім саласы дамуға қаржы қалмайтын жағдайға түскен. Үнемделген қаражат басқа салаларға кетіп отырды», – деді ол.
Депутат 2021 жылғы реформадан кейін білім беру жүйесінде оң өзгерістер болғанын да атап өтті. Оның айтуынша, қаржы басқаруы жүйеленіп, мектептерге тең мүмкіндік қалыптасты, ал мұғалімдерге жүктеме азайған.
«Соңғы жылдары білім саласында нақты нәтиже бар. Ал оны кері қайтару – бұрынғы жүйеге қайта оралу деген сөз», – деді Аймағамбетов.
Ол білім саласын басқаруда біржақты емес, гибридті тәсілді қарастыру қажет екенін ұсынды.
Бұл мәселеде епутаттардың пікірі қақ жарылды. Сол себепті аталған ұсыныс екінші оқылымда тағы қаралатын болады.