«Агробизнес» бағдарламасының 211 млн теңгесін жымқырған кәсіпкер сотқа тартылды

Қаржылық мониторинг агенттігі Абай облысы бойынша «Агробизнес» жобасы аясында бөлінген бюджет қаражатын талан-таражға салу фактісіне қатысты тергеуді аяқтады.
Тергеу мәліметтері бойынша, «Ықыбай» шаруа қожалығының басшысы мемлекеттен мал шаруашылығын дамыту үшін жалған құжаттар арқылы 250 млн теңгеден астам жеңілдетілген несие алған. Алайда кәсіпкер бұл қаражатқа ірі қара мал сатып алудың орнына, ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсап жіберген. Тіпті, кепіл ретінде көрсетілген мүлік пен мал іс жүзінде мүлдем болмаған болып шықты.
Нәтижесінде, мемлекетке 211 млн теңге шығын келтірілген. Тергеу кезінде күдікті келтірілген шығынды толықтай қайтарды. Қожалық иесіне елден шықпау туралы қолхат алынды.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жолданды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпараттар жария етілмейді.
Қаржы мониторинг агенттігі мұндай әрекет адал кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдау алу мүмкіндігін шектеп, ауыл шаруашылығы саласының дамуына теріс әсерін тигізетінін ескертеді.
Бұған дейін Қостанайда жалған құжат жасап, алаяқтық жолмен мемлекеттен ет сатып алуға бөлінген субсидияларды жымқырған кәсіпкерлер сотқа тартылған еді.