Астанада Ресей мәдениеті күндеріне орай концерт өтті

Астанада Қазақстандағы Ресей Федерациясы мәдениет күндерінің ресми ашылуы өтті. Ауқымды шара аясында екі елдің өнер майталмандары мен ресми өкілдерінің қатысуымен салтанатты гала-концерт ұйымдастырылды.
Іс-шара екі мемлекет арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтудың маңызды қадамына айналды.
Гала-концерттің бағдарламасы ұлттық нақыш пен заманауи өнердің тоғысуымен ерекшеленді:
- Хореография: Мәскеулік «Гжель» би театры, Дағыстанның әйгілі «Лезгинка» ансамблі және Қалмақияның «Ойраты» театры көрерменге ерекше энергия сыйлады.
- Вокал және аспап: Софья Онопченко, башқұрттың «Ay Yola» фолк-тобы және этно-музыкант Олена Уутай (Якутия) өнер көрсетті.
- Музыкалық мұра: Сахнада қалмақ пен бурят халықтарының әндері шырқалып, көпұлтты Ресей мәдениетінің палитрасы таныстырылды.
Бұл тек концертпен шектелмейді. Дәл осы күні Ұлттық музейде «Мәдени дәстүрлерді біріктіру және заманауи шығармашылық тәжірибелер» атты дөңгелек үстел өтіп, мамандар жаңа бірлескен жобаларды талқылады.
Елордада Ресей киносының фестивалі де бастау алды. Киносүйер қауым 26 сәуірге дейін ресейлік туындыларды тамашалай алады.
Айта кетейік, осыдан алты ай бұрын Ресейде Қазақстанның мәдениет күндері жоғары деңгейде өткен болатын. Ол кезде Ресей көрермені Ә. Қастеев атындағы музейдің жәдігерлерімен танысып, «Парасат майданы» спектаклін тамашалаған еді. Ресейдегі шаралар Үлкен театрда екі ел басшыларының қатысуымен өткен гала-концертпен түйінделген болатын.
Мәдениет мерекесіне ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ресей Федерациясы Мәдениет министрінің орынбасары Андрей Малышев, сондай-ақ дипломатиялық корпус пен шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ендігі кезекте Астана төріндегі мәдениет күндері осы игі дәстүрді жалғастырып, халықтар достығын паш етпек.