Lifestyle

Черногория қазақстандықтар үшін уақытша визасыз режим енгізді

коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Черногория билігі 2026 жылдың 1 мамыры мен 1 қазаны аралығында Қазақстан Республикасының азаматтары үшін уақытша визасыз режим енгізу туралы шешім қабылдады.

Қазақстан СІМ-нің хабарлауынша, бұл шешімді Черногория үкіметі 17 сәуірде бекіткен. Жаңа ережеге сәйкес, қазақстандықтар Черногория аумағында 30 күнге дейін визасыз жүре алады. Шекарадан өту үшін тек жарамды шетелдік паспорттың болуы жеткілікті.

Визасыз режим іске қосылғаннан кейін саяхатшыларға елшілікке барудың немесе құжат жинаудың қажеті жоқ. Әрі визалық алымдар мен делдалдардың қызметіне кететін қаржы үнемделеді.

Айта кететін жайт, бұл режим уақытша. Жеңілдік тек көрсетілген мерзімде (1 мамырдан 1 қазанға дейін) ғана жарамды. Егер сапарыңыз осы күндерден тыс уақытқа жоспарланса, виза рәсімдеу талабы қайта күшіне енуі мүмкін.

Черногория өзінің Адрия теңізі жағалауындағы таңғажайып табиғатымен, таулы пейзаждарымен және тарихи қалаларымен белгілі.

Бұған дейін, қазақстандықтар 2026 жылы визасыз қай елдерге бара алатынын жазған едік.