Миллиардер Баймұратовтың компаниясы БИ-95 жанармайын өндіреді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Жаңа жанармай өндіріледі /Фото: Серикжан Ковланбаев

Елде бидайдан алынған биоэтанол қосылған жаңа БИ-95 маркалы автокөлік жанармайының өндірісі іске қосылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.

Жаңа жанармайдың ерекшелігі неде?

KazFoodProducts холдингі шығаратын бұл жанармайдың құрамында 5%-дан 10%-ға дейін биоэтанол бар.

Биоэтанол – Солтүстік Қазақстан облысындағы «BioOperations» зауытында бидайды терең өңдеу арқылы алынатын өнім. Кейін бұл шикізат негізінде «BioPetrolCompany» базасында дайын БИ-95 отыны дайындалады.

Мамандардың айтуынша, жаңа жанармайды пайдалану үшін көліктің қозғалтқышын еш өзгертудің қажеті жоқ. Ол қазіргі бензинмен жүретін барлық техникаға жарай береді.

Компания иесі кім?

Ашық дереккөзге сәйкес, KazFoodProducts копаниясының бес құрылтайшысы бар: Samal Invest Group, OSV Capital, Ерлан Баймұратов, Әлия Балапановa және БТА Банктің бұрынғы басқарма төрағасы Ерік Балапанов. Соның ішінде холдингтің негізгі акционері Ерлан Баймұратов – отандық бизнестің ірі өкілдерінің бірі. Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша еліміздегі ең дәулетті 75 кәсіпкердің тізімінде 68-орынды иеленген, оның байлығы 108 миллион долларға бағаланып отыр.

Бизнесменнің инвестициялық қоржыны айтарлықтай ауқымды. KazFoodProducts холдингі арқылы «Баян Сұлу» мен «АзияАгроФуд» компанияларының негізгі үлесіне иелік етеді. Бұған қоса, кәсіпкердің меншігінде EMC Agro және Bioline KZ секілді стратегиялық маңызды нысандар, BioOperations зауыты, «ТастобеАгроФуд» компанияларының акциялары бар.

Бұған дейін Ерлан Баймұратовтың пәкістандық Almoiz Group-пен бірлесіп Жетісу облысында қант зауытын салуды жоспарлап отырғаны хабарланған.

Сондай-ақ оқыңыз