Lifestyle

Мүшел жас шынымен де қауіпті ме

Фото: Руслан Токенов

Алматыда «Мүшел жас» толықметражды көркем фильмінің премьерасы өтті. Туындыда дәстүр арқылы отбасы құндылықтарын ашуға талпыныс жасалған.

Фильм сюжеті мен айтар ойы

Фото: Руслан Токенов

Қанат отбасының қамы үшін күйбең тіршілікке баспен кіріп кеткен көп әкенің бірі. Жұмыс-жұмыс деп жүріп әкесінің зейнетке шыққанын, ұлының жоғары оқу орнын тәмамдағанын, қызының орта сыныпқа барып, жары балаларға қарау жолында арманымен қош айтысып, үйде отырып қалғанын аңғармай қалған. Тіпті шаруа-шаруа деп жүріп туған ауылына сапарлап, анасының басына топырақ салмағанына да көп жылдың жүзі болған. Өзінің көзқарасы тұрғысынан бәрін дұрыс жасап-ақ жүр. Тырмысып, еңбектеніп, бала-шағасы көштен қалмаса екен дейді. Алайда осы жұмысбастылығы оны жақындарынан алыстатып, арасын суыта бастаған.

Осыны көріп, жүрегі ауырып жүрген үйдің үлкені Бейбіт ата әулеттегі кейінгі сәтсіздіктерді мүшел жаспен байланыстырып, отбасында қарғыс барын, оны кетіру үшін дуаланған қамшыны ауылға апару керегін айтады. Қанатқа әкесінің сөзі о баста әсірелеу болып көрінгенімен, кейінгі келеңсіздіктер оны отбасымен ауылға жол тартуға мәжбүрлейді.

Амалдың жоғынан сапарға шыққан Қанат жолда отбасымен түрлі оқиғаларға тап болып, жанұясының жанында күнде жүрсе да, олардан жырақтап кеткенін, күйбең тірлік ешқашан бітпейтінін, бар кезде отбасына жылу беру керегін түсінеді.

Қарт ақсақалдың баласына «қазақ мүшел жасқа келгенде адам өзіне қымбат бір затты біреуге беру керек дейді, сол зат отбасыңа арнаған уақытың болсын, балам» дегені көрерменге ой салып қояды.

Фильм өндірісі

Жоба Unico Play онлайн-кинотеатрының авторлық жұмысы. Фильмнің режиссері – «Қара жәшік», «Майор Мырза» сериалдарымен танымал Асет Жұмахан. Фильм продюсері – Бексұлтан Қазыбек

Басты рөлдерде Жанболат Найзабеков, Толқын Нұрбекова, Рауан Ахмедов, Досжан Жанботаев, Іңкәр Мадиярқызы секілді актерлер ойнаған.

фото:Руслан Токенов
фото:Руслан Токенов

«Мүшел жас» дәстүрге жаңа көзқараспен қарауға шақырады. Оны тек ырым-тыйымдар жиынтығы ретінде емес, адамды тоқтап, өміріне қайта үңілуге жетелейтін маңызды ескерту ретінде көрсетеді.

Картина кадрларының қанық бояуы қазақтың сайын даласының көркемдігін көрсетсе, орынды әзіл сергітіп, іш пыстырмайды. Әрине, махаббат хикаясынсыз қандай кино болсын.

Фильм бүгіннен бастап елдің барлық кинотеатрларында көрсетіледі.