Мұнайдан түсетін табыс аз: Қазақстан экономикасының өсімі баяулады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото:

2026 жылдың алғашқы тоқсаны Қазақстан экономикасы үшін айтарлықтай күрделі басталды. BCC Invest сарапшыларының талдауына сүйенсек, елдің экономикалық белсенділігі қазіргі уақытта тоқырау жиегінде тұр. Биылғы көрсеткіштер кейінгі жылдардағы ең төменгі деңгейге түсіп, даму қарқынының айтарлықтай баяулағанын аңғартады.

Бәріне «кінәлі» мұнай

Экономикалық өсімнің тежелуіне негізгі себеп – ел экономикасының күретамыры саналатын мұнай өндірісіндегі іркілістер.

Егер бұрын шикізат секторы жалпы ішкі өнімнің негізгі қозғаушы күші болса, биыл кері әсерін тигізе бастады. Өйткені қаңтар айында өндіріс көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда небәрі 68%-ды ғана құрады.

Ал наурыз айында бұл көрсеткіш 80%-ға дейін көтерілгенімен, ірі кен орындарындағы техникалық үзіліс жалпы динамиканы төмендетіп жіберді.

Нәтижесінде, қаңтардағы экономика өсімі 2,8%-ды құраса, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша негізгі салалардағы өсім небәрі 2,5%-ға ғана жетті. Бұл алдыңғы жылдардағы орташа көрсеткіштерден әлдеқайда аз.

Инфляция, мөлшерлеме және «керри-трейд» соңы

Сарапшылардың болжамынша, экономиканың мұндай күйі Ұлттық банктің ақша-несие саясатын жұмсартуына түрткі болуы мүмкін. 2026 жылдың соңына қарай инфляция 10% деңгейінде, ал базалық мөлшерлеме 16,5% шамасында болады деген болжам бар.

Бұл өз кезегінде «керри-трейд» (жоғары мөлшерлеме есебінен табыс табу) циклінің біртіндеп аяқталуына алып келуі тиіс.

Табыс алшақтығы тереңдеп барады

Экономиканың баяулауымен қатар, халықтың әлеуметтік әл-ауқатында да түйткілді мәселере бар. Ең алдымен, нақты жалақының төмендеуі мен өңірлер арасындағы еңбекақы алшақтығы алаңдатарлық деңгейге жеткен.

Кейбір өңірлердегі жалақы айырмашылығы екі есеге жетсе, салалар арасындағы табыс айырмашылығы үш есе болып тұр.

Ең жоғары жалақы өндіруші өнеркәсіп пен қаржы секторында сақталып отыр. Ал мемлекеттің әлеуметтік тірегі саналатын білім беру, денсаулық сақтау және агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің табысы орташа көрсеткіштен әлдеқайда төмен.

Бұған дейін Ұлттық банк сауалнамасына қатысқан сарапшылар мұнай бағасы мен экспорт әлеуетіне қатысты болжамын жақсартқан. 2026 жылы теңге бағамы тұрақталып, экономикалық өсім 5%-ға жетеді деп сенім білдірген.

Сондай-ақ оқыңыз