Қызылордадағы «Қайсар арена» стадионы UEFA талаптарына сай ма

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
фото: Ақорда

Қызылорда қаласына UEFA инспекторы Скотт Стразерс арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапардың басты мақсаты жаңадан бой көтерген «Қайсар арена» стадионының еуропалық стандарттарға сәйкестігін тексеру және халықаралық деңгейдегі ойындарды өткізуге рұқсат беру мүмкіндігін қарастыру.

Тексеріс қалай өтті?

Инспекция барысында Скотт Стразерс стадионның әрбір бөлшегіне жіті назар аударды. Киім ауыстыратын бөлмелер, баспасөз орталығы және VIP аймақтардың талапқа сәйкестігі қаралды. Көрермендердің кіріп-шығуы мен стадиондағы қауіпсіздік жүйелері, көгалдың сапасы мен дренаждық жүйенің жұмысы, халықаралық матчтар кезіндегі техникалық талаптардың орындалу деңгейі тексерілді.

15 жылдық жұмыс тәжірибесі бар Скотт мырза Қызылордадағы жаңа аренаға таңданысын жасырмады. Оның айтуынша, стадион халықаралық деңгейдегі бәсекелерді қабылдауға толық қауқарлы.

«Өз жұмыс тәжірибемде көптеген стадиондарды тексердім. «Қайсар арена» – мен көрген сапалы ареналардың қатарында. Мұнда халықаралық матчтарды қабылдауға мүмкіндік өте зор», – деді UEFA инспекторы.

Егер инспектордың қорытындысы ресми түрде бекітілсе, Қызылорда халқы өз қаласында тек ішкі біріншілік емес, сонымен қатар Еурокубок ойындарын немесе ұлттық құраманың матчтарын тамашалау мүмкіндігіне ие болады.

Еске сала кетейік, Қызылорда қаласындағы «Қайсар арена» стадионы 2025 жылы 20 млрд теңгеге салынды. Стадионға 11 мың көрермен сыяды.

Сондай-ақ оқыңыз