Өрт сөндіргіш пен дәрі қобдишасы дүкендерде қаншадан сатылып жатыр

Соңғы күндері елде жол қауіпсіздігіне қатысты рейдтік шаралар күшейді. Полиция тексерісінен кейін кәсіпкерлер дәрі қобдишасы, апаттық белгі, қауіпсіздік жилеті мен өрт сөндіргіш секілді қарапайым заттардың бағасын өсіріп жіберген. Әлеуметтік желілерде автокөлікте болуға тиіс міндетті құрал-жабдықтардың бағасы қызу талқыланып жатыр. Курсив Авто олардың қаншадан саудаланып жатқанына шолу жасап көрді.
Рейдтік тексеріс аясында бұл құрылғыларға сұраныс арта түскен. Саудасы қыза түскен кейбір кәсіпкерлер әдеттегі бағадан екі-үш есе қымбат сатуда. Threads желісінде жарнамалар да көбірек жарияланып жатыр.

Желі қолданушылары бағаның қымбаттап жатқанына наразылықтарын да білдіріп, пікірлерін жазуда. Желі қолданушылары кей жерлерде бағаның бес есеге дейін өсіп кеткенін айтқан.

Әдетте 2-4 мың теңге аралығында тұратын өрт сөндіргіш құралдың бағасы 11-15, кей жерлерде 15 мың теңгеге дейін шарықтаған.
Ал онлайн дүкендерде мұндай автожиынтықтың бағасы 35 мыңға дейін барады.

Автокөлікте қандай заттар міндетті түрде болуы керек
ІІМ түсіндіруінше, автобустарда, жеңіл және жүк автомобильдерінде, доңғалақты тракторларда міндетті түрде алғашқы көмек қобдишасы, өрт сөндіргіш құрал және авариялық тоқтау белгісі (жыпылықтайтын қызыл шам) болуға тиіс.
Ережелерде жалпыға ортақ жолдарда автобуспен, жеңіл және жүк көлігімен немесе доңғалақты тракторлармен медициналық дәрі қобдишасы, өрт сөндіргіш және авариялық тоқтау белгісі (жыпылықтайтын қызыл шам) болмаса, қозғалысқа шығуға болмайтыны көрсетілген. Ал бүйірлік тіркемесі бар мотоциклдерде дәрі қобдишасы мен авариялық тоқтау белгісі (шам) болуы тиіс.
Сонымен қатар олардың жай ғана болуы жеткіліксіз, олардың жарамдылық мерзімі де маңызды. Мерзімі өткен дәрі қобдишасы немесе бос өрт сөндіргіш заң жүзінде мүлде жоқ деп есептеледі.
Дәрі қобдишасының құрамында болуға тиіс заттар:
- 3% сутегі асқын тотығы – 1 құты
- стерильді дәке таңғыш – 1 дана
- стерильді емес дәке таңғыш – 1 дана
- стерильді дәке майлықтар – 1 қаптама
- стерильді таңғыш пакет – 1 дана
- медициналық стерильді мақта (50 г) – 1 дана
- қан тоқтататын жгут – 1 дана
- бактерицидті лейкопластырь – 5 дана
- медициналық лейкопластырь – 1 дана
- №1, №3, №6 серпімді түтікше таңғыш – әрқайсысы 1 данадан
- стерильді емес медициналық қолғап – 1 жұп
- ұшы доғал қайшы – 1 дана
Өрт сөндіргішке қойылатын талап:
- жеңіл автокөліктер үшін – көлемі 2 литрге дейінгі бір өрт сөндіргіш
- автобустар мен жүк көліктері үшін – екі өрт сөндіргіш (бірі жүргізуші кабинасында, екіншісі жолаушылар салонында немесе жүк бөлігінде)
- қауіпті жүк тасымалдайтын көліктер үшін – көлемі 5 литрден кем емес екі өрт сөндіргіш
Өрт сөндіргіштер ұнтақты да, хладонды да болуы мүмкін.
Еске салайық, осыған дейін полиция тексерісінен кейін Шымкент пен Таразда дәрі қобдишасының бағасы өскені жайлы жазған едік.