Жүрілген қытай көліктеріне сұраныс артып келеді

Ресейліктердің екінші нарықтағы жүрілген қытайлық автокөліктерге қызығушылығы артып келеді. Көрші ел азаматтары соңғы уақыттары оларды көбірек сатып ала бастаған. 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Ресейдің екінші нарығында олардың үлесі 5%-дан асты, ал хабарландырулар саны 8%-ға өскен. Бұл туралы «Авто.ру» сарапшылары мәлімдеді.
Нарық жаңарып, құрылымы өзгеруде
Қытайдың жүрілген көліктері жалпы екінші нарықтағы басқа көліктерден айтарлықтай ерекшеленеді. Мұндай көліктердің орташа жасы – 5 жылға дейін, ал басқа шетелдік көліктерде бұл көрсеткіш 13 жылдан асады. Жүріс қоры да төмен – шамамен 70 мың шақырым.
Сатушылар құрылымы да өзгерген. Жалпы нарықта жеке тұлғалар басым (87%) болса, Қытай көліктері бойынша жағдай шамалас, хабарландырулардың жартысына жуығы дилерлерге тиесілі.
Жүрілген көліктердің бағасы
Негізгі баға аралығы – 1,5–3 млн рубль (9,3–18,6 млн теңге). Тағы 15% ұсыныс 3–5 млн рубль (18,6–31 млн теңге) сегментіне тиесілі. Ал хабарландырулардың шамамен төрттен бірі 800 мың рубльден (4,9 млн теңге) төмен болғанымен, оларға қызығушылық танытатындар небәрі 14% ғана.
Ең танымал 5 модель
«Авто.ру» деректеріне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар–наурыз айларында пайдаланушылар ең көп қызығушылық танытқан модельдер төмендегідей:
- Haval Jolion – орташа бағасы шамамен 10,4 млн теңге
- Geely Coolray – 10,4 млн теңгеден сәл жоғары
- Geely Monjaro – шамамен 21,4 млн теңге
- Chery Tiggo 7 Pro Max – шамамен 12,4 млн теңге
- Haval F7 – 13,3 млн теңге
Сарапшылардың айтуынша, бұл тізім соңғы жылдары ең көп сатылған қытайлық көліктер рейтингін негізінен қайталайды. Сатып алушылар жергілікті жағдайға бейімделген, бұрыннан таныс модельдерді таңдайды.
Еске салайық осыған дейін Қазақстанда 5–7 млн теңгеге қандай жүрілген көлік алуға болатынына шолу жасаған едік.