Алматыда шу болған «Бағанашыл» балалар үйі: 5 млрд теңгеге не салынып жатыр

Алматы қаласының Бағанашыл шағын ауданында орналасқан №1 балалар үйінде толық қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Integra компаниясы өз қаражаты есебінен жүзеге асырып жатқан бұл жоба заманауи талаптарға сай, балалар үшін жайлы әрі қауіпсіз кешен ретінде салынбақ. Kursiv Media тілшісі құрылыс аумағына барып танысып қайтқан еді.
Құрылыс барысы
Жобаның жалпы құны 5 млрд теңгені құрайды. Қазіргі уақытта демонтаждау жұмыстары 100 пайызға аяқталды. Оның ішінде ескі үш қабатты оқу корпусы, өтпелі галерея, спорт залы, акт залы және кір жуу кешені толығымен бұзылды.
Учаске бастығы Бақтияр Қажығұловтың айтуынша, қазіргі уақытта негізгі күш төрт қабатты жатын корпусты нығайтуға бағытталған:
«Негізгі демонтаж жұмыстары толық бітті. Қазіргі таңда төрт қабатты жатын корпусының колонналары мен ригельдерін күшейту жұмыстары 85 пайызға орындалды. Жақын күндері еденді тегістеу (стяжка) және ішкі қабырғаларды қалау сияқты әрлеу жұмыстарына кірісеміз».
Балалардың қалауы ескеріледі
Жобаның бір ерекшелігі – жөндеу жұмыстары басталған күннен бастап, Integra өкілдері балалар үйінің тәрбиеленушілерімен тұрақты кездесіп, алдағы жоспарлармен бөлісіп, әрбір маңызды қадамды балалармен ақылдасып отырған.
Тәрбиеленушілердің бірі Кирилл компания өкілдерімен қалыптасқан достық қарым-қатынас туралы былай дейді:
«Олар бізге бәрін түсіндіріп, болашақ үйіміздің қандай болатынын көрсетті. Тіпті маған: «Кирилл, егер тәрбиешіңмен келіп, жұмыстың қалай жүріп жатқанын көргің келсе, хабарлас, өзім аралатып көрсетемін» деді. Біздің пікірімізді сұрап, назар аударғандары біз үшін өте маңызды».

Жаңа ғимарат қандай болмақ?
Жаңартылған орталықта барлық қажетті жағдай жасалған бес блок болады:
1-блок қайта жөндеу жұмыстары өтетін 4 қабатты жатын корпус. Мұнда медициналық блок, әкімшілік бөлмелер және 30 орындық палаталар орналасады.
2-блок жаңадан салынады: Оқу кабинеттерімен біріктірілген әкімшілік корпус. 3 және 4-блоктар да жаңадан тұрғызылады. Әрқайсысы 3 қабаттан тұратын заманауи жатын корпустар. Олар сәйкесінше 90 және 60 балаға арналған.
Ал 5 блокта 180 адамға арналған кең асхана, өндірістік ас үй және екінші қабатта орналасқан заманауи спорт залы.
Нысанның жалпы ауданы 11 329 м² дейін кеңейеді. Кешен 2,5 гектар аумақты алып жатыр.

Мерзімі
Ауқымды құрылыс жұмыстары аяқталып, жаңарған нысан 2026 жылдың қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Құрылыс компаниясының айтуынша, жұмыс кестесінен кешігуге ешқандай кедергілер жоқ. Барлық материалдар мен техникалық ресурстар жеткілікті, ал жұмыс күші нысанда толық көлемде жұмылдырылған.
Еске сала кетейік, былтыр Бағанашылдағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілерін билік Қонаев қаласындағы жаңа ғимаратқа күштеп көшіруге тырысқан. Алайда балалар бұған қарсы шығып, оқиға орнында жанжал туындаған еді.
Осыдан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдайға араласып, балалар үйін көшіруге жол берілмесін деген нақты тапсырма берген.
Қазіргі уақытта балалар Алматыдағы №2 Балаларды қолдау орталығының ғимаратына уақытша орналастырылды.