
Алматыда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында КСРО халық әртісі, «Қазақтың бұлбұлы» атанған Бибігүл Төлегенова жас өнерпаздармен кездесті. Бұл туралы әншінің шәкірті Толқын Забирова хабарлады.
Рухани сабақтастық пен шабыт
Кездесу барысында Бибігүл Ахметқызы өзінің бай өмірлік және шығармашылық тәжірибесімен бөлісіп, болашақ опера жұлдыздарына кәсіби кеңестерін айтты. Өнер жолындағы қиындықтар мен жетістіктер туралы сыр шерткен әнші жастарды еңбекқорлыққа және ұлттық өнерді қастерлеуге шақырды. Шара соңында ақжарма тілегін білдіріп, жас өнерпаздарға ақ батасын берді.
«Ұстазымның қасында болу — үлкен мәртебе»
Айтулы кешке Забирова да қатысып, әлеуметтік желідегі парақшасында әсерлі жазба қалдырды. Ол өз естелігінде бұл кездесудің студенттік кезеңді еске түсіріп, жүрегін тебіренткенін жеткізді.
«Бүгін Бибігүл Ахметқызы Төлегенова консерватория қабырғасында жас өнерпаздармен жүздесіп, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, ақ батасын берді. Осындай маңызды сәтте ұстазымның жанынан табылу – мен үшін үлкен мәртебе. Бір кезде дәл осы сахна мен аудиторияларда білім алып, арман қуған күндерім жүрегімде қайта жаңғырды…» – деп жазды ол.