Наурыз бағдарламасы тұйыққа тірелді: жолдама алғандар пәтер таппай сабылып жүр

Жеңілдетілген Наурыз тұрғын үй бағдарламасы бойынша іріктеу кезеңінің нәтижесі шыққалы үй іздеп сабылған адам көп. Конкурстан өтіп, жолдама алғанына қуанғандардың көңілін нарықтағы үйдің тапшылығы мен қымбаттығы су сепкендей басқан.
Threads желісінде Отбасы банктен жолдама алу баспаналы болу жолындағы істің басы ғана екенін, нағыз қиындық үй іздеуде басталатынын жазып жатқандар аз емес. Бәрінің дерлік шағымы ұқсас. Алғашқы нарықта бағдарлама аясында мақұлданған сомаға келетін пәтер жоқ, құрылыс компаниялары бағаны өсіріп жіберген. Пәтер болса да бір бөлме немесе қонақжайы асүймен жалғанған евростандарттағы екі бөлме. Пәтер дайын күйінде берілмейтінін ескерсек, жөндеу құны тағы бар. Ал көбі таза әрлеудегі үй алғысы келеді, ал ондай ұсыныс нарықта жоқтың қасы.

Қандай шешімі бар
Бірінші нұсқа, кәсіби ипотека брокерлерінің қызметіне жүгіну. Әдетте олар құрылыс компаниясымен келісіп, дайын пәтерлерді ұстап отырады. Қызметтері орташа есеппен 500 мың мен 1 млн теңге аралығында. Жоғарыда айтқан Threads-тегі жазбаларға қызметін ұсынып, көмектесе алатынын жазып жатқандарда есеп жоқ.
Екінші нұсқа – өзіңіз жүгіру. Наурыз бағдарламасымен бұрын үй алғандар арасында өзінің тәжірибесін бөлісіп, кеңес беріп жатқандар бар. Олар құрылыс компанияларын аралап, ұсыныстарын саралауға кеңес береді.
Мұндай нұсқаны қарастыруға болатынын KursivMedia-ға Отбасы банк өкілі де растап отыр. Банк өкілінің айтуынша, құрылыс компаниясы нысандағы қолжетімді пәтердің бәрін бірдей Баспана маркет порталына жүктемеуі немесе жүктеп үлгермеуі мүмкін. Осы ретте компаниямен тікелей келісіп, пәтерді порталға шығарғанда, сол жерден брондауға болады.
Алайда мұнда бір тәуекел бар. Құрылыс компаниясы қанша жерден уәде бергенімен нысандағы пәтерлер мерзімінде дайын болмай, пәтер іздеу уақыты өтіп кетуі ықтимал. Ал Наурыз бағдарламасы бойынша пәтер іздеуге 6 ай беріледі. Ал пәтер брондау тек Баспана маркет порталы арқылы жүргізіледі.
Пәтер іздеп сабылған кей қолданушылар бағдарлама аясында екінші нарықтан пәтер алуға рұхсат берсе ғой деген тілек айтады. Алайда үкімет бағдарлама құрылыс компанияларын ынталандыру арналғанын айтып, бұған келіспей келеді.