P&G шикізат шығындарына байланысты 1 млрд доллардан қағылуы мүмкін

Әлемдік тұтыну тауарларының алыбы Procter & Gamble (P&G) үшінші тоқсанның қаржылық есептерін жариялады.
Reuters ақпаратына сүйенсек, Компания премиум-классқа жататын тері және шаш күтімі өнімдеріне деген жоғары сұраныстың арқасында сарапшылардың болжамынан жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Алайда шикізат бағасының өсуі мен геосаяси жағдайларға байланысты болашақ пайда бойынша сақ болжам жасап отыр.
Компания 1,63 доллар көлемінде түзетілген пайда тапты (сарапшылардың болжамы – 1,56 доллар). Тоқсандық табыс 21,24 миллиард долларды құрады. Премиум сегменттегі тері күтімі өнімдеріне деген тұрақты сұраныс компанияның табысына айтарлықтай үлес қосты.
Шығындардың өсуі және Таяу Шығыстағы қақтығыс әсері
Reuters мәліметінше, P&G Таяу Шығыстағы қақтығыс пен жеткізу тізбегіндегі қиындықтарға байланысты шикізат пен логистикалық шығындардың артуын сезініп отыр.
P&G қаржы директоры (CFO) Андре Шультеннің айтуынша, Таяу Шығыстағы шиеленіс пен мұнай бағасының өсуі компанияға салыққа дейін 1,3 миллиард доллар, ал салықтан кейін шамамен 1 миллиард доллар шығын әкелуі мүмкін.
Компанияның болжамы бойынша:
- Өндіріс шығындарының артуы жылдық пайданы шамамен 150 миллион долларға азайтуы мүмкін.
- Сауда тарифтері мен пайыздық мөлшерлемелердің өсуі де компанияның маржасына қысым түсіруде.
Болашаққа болжам
P&G басшылығы 2026 қаржы жылына арналған жалпы сату өсімі бойынша болжамын 1%-дан 5%-ға дейінгі аралықта қалдырды. Дегенмен, шығындардың жоғары болуына байланысты жылдық пайда көрсеткіші бұрын жарияланған болжамды дәліздің (1%-дан 6%-ға дейін) ең төменгі шегіне жақын болуы мүмкін екенін ескертті.
«Біздің үшінші тоқсандағы нәтижелеріміз тұтынушылардың премиум өнімдерге деген қызығушылығын көрсетеді. Бірақ инфляциялық қысым мен геосаяси белгісіздік бізден барынша сақ болуды талап етеді», – деп атап өтті компания өкілдері.
Материал жарияланғаннан кейін P&G акциялары нарық ашылғанға дейінгі саудада 3%-ға қымбаттады.