Розыбакиев көшесін Мұхтар Шахановқа ауыстыру туралы петиция жарияланды

Алматы қаласының ономастикалық комиссиясына бір топ қала тұрғындары мен белсенді азаматтар тарапынан маңызды ұсыныс түсті. Бастамашыл топ Алматыдағы ең ұзын магистральдардың бірі – Абдулла Розыбакиев көшесіне Мұхтар Шахановтың есімін беруді сұрап отыр.
Неге Розыбакиев көшесі?
Бастамашылардың айтуынша, 7 шақырымға созылып жатқан Бостандық және Алмалы аудандарының күретамыры саналатын Розыбакиев көшесінің ауқымы мен стратегиялық маңызы Мұхтар Шахановтың тұлғалық деңгейіне сай келеді. Көше бойында ірі білім ордалары, мәдени орталықтар мен «MEGA Alma-Ata» секілді халық көп жиналатын нысандар орналасқан.
Абдулла Розыбакиев – саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде құрметке лайық тұлға. Алайда белсенділер оның есімін басқаша ұлықтауды ұсынады.
Құқықтық негіз
Бұл ұсыныс ҚР «Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы» заңына және петициялар туралы нормаларға сәйкес дайындалған. Ұсыныс хатта мынадай талаптар көрсетілген:
- Алматы қалалық ономастикалық комиссиясының отырысында мәселені қарау.
- Жобаны «Ашық НҚА» порталына қоғамдық талқылауға шығару.
- Тұрғындар үшін құжаттарды автоматты түрде, тегін қайта рәсімдеуді қамтамасыз ету.
Қазіргі таңда GosRating.com сайтында аталған бастаманы қолдау мақсатында петиция жарияланды. Кез келген азамат бұл ұсынысқа қатысты өз дауысын беруге құқылы.
Еске сала кетейік, 19 сәуір күні қазақтың біртуар перзенті, Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов дүниеден өткен еді. Ақынмен қоштасу рәсімі Алматыда өтіп, кейін сүйегі Түркістан облысы Отырар ауданына жеткізіліп сол жақта жерленді.