Шымкентте әкімдіктен 10 млн теңге бопсалады делінген журналист 5 жылға сотталды

Шымкент сотында мемлекеттік қызметкерден 10 млн теңге бопсалады делінген журналист қатысты үкім шықты.
Сот ақпаратында 2025 жылдың қазан айында журналист әлеуметтік желілерде Шымкент әкімдігінің беделіне нұқсан келтіретін жазба жариялап, әкімдік өкілінен өзімен 10 млн теңгеге ақпараттық мемлекеттік сатып алу шартын жасауды талап еткені айтылады.
«Бас тартқан жағдайда ер адам интернетте әкімдік қызметі туралы жағымсыз мәлімет жариялаймын деп қорқытқан. 6 қарашада ол 990 000 теңге алған. Сотта сотталушы кінәсін ішінара мойындап, соттан оны бостандығынан айырмауды сұрады» делінген хабарламада.
Сот журналисті бопсалау бабы бойынша кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті, сондай-ақ, дәл осы мерзімге БАҚ-пен байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Осы жылдың сәуір айында Қостанай облысында ЖШС-нен аса ірі мөлшерде ақша бопсалады деп айыпталған блогер Миршат Сарсенбаевқа үкім шыққан болатын.