Валейболдан жарысқа аттанған балалар жол апатынан қайтыс болды

Түркістан облысында болған жол-көлік оқиғасынан үш кәмелетке толмаған бала қаза тапты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Басылымның мәліметінше, апат 22 сәуірде өңірдегі тас жолдардың бірінде болған. Редакцияға хабарласқан оқырмандар көлікте Мақтаарал ауданынан шыққан кәмелетке толмаған спортшылар болғанын айтқан. Олардың сөзінше, жасөспірімдер волейбол турниріне тізгінде болған жаттықтырушымен бірге бара жатқан. Сондай-ақ, олар оқу уақытында мектеп оқушыларының жарысқа не себепті аттанғаны туралы сұрақ қойды.
Кейінірек Түркістан облыстық полиция департаменті 22 сәуірде «Арыс-Шардара» автожолында Chevrolet Cobalt пен КамАЗ-дың қатысуымен жол апаты болғанын растады. Апат салдарынан жеңіл көліктің үш жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Chevrolet Cobalt жүргізушісі мен тағы бір жолаушы ауруханаға жеткізілді. Жүк көлігінің жүргізушісі зардап шеккен жоқ, ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Түркістан облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Зиятаевтың хабарлауынша, алдын ала мәлімет бойынша, кәмелетке толмаған спортшылар тізгінде болған жаттықтырушымен бірге Түркістан қаласына жарысқа бара жатқан.
«Бұл ретте кәмелетке толмағандарды тасымалдау туралы уәкілетті мемлекеттік органдарға, соның ішінде полицияға хабарланбаған», – деп мәлімдеді ол.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Сондай-ақ балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
«Тергеу нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процестік шешім қабылданады», – деп толықтырды Зиятаев.
Полиция азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және жолдарда мұқият болуға шақырды.