Тоқаев Astana Smart City жобасын іске қосып, ЖИ мектептерін ашты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығына барды. Ол орталықты аралап, Astana Smart City жобасының іске қосылғанына куә болды. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.
Орталықта жасанды интеллект саласындағы ғылыми зерттеулер мен білім беру бағдарламалары жүргізіліп, стартап-бастамалар мен басқа да қолданбалы шешімдердің енгізілуіне жағдай жасалады.
Ақылды қала
Astana Smart City – интеллектуалды қала инфрақұрылымының жаңа буынын қалыптастыратын маңызды бастама.
Таныстырылым барысында Presight бас директоры Томас Прамотедхам қаланың деректері мен жүйелерін нақты уақыт режимінде біріктіретін бірыңғай AI-платформаны таныстырды.

Жасанды интеллект мектебі
Сондай-ақ мемлекет басшысы елдің 14 өңірінде Tomorrow School жасанды интеллект мектебі желісін іске қосты. Алғашқы мектеп 2024 жылы Astana Hub базасында ашылған. Мұнда оқу тегін жүргізіледі және 18 жастан асқан азаматтарға қолжетімді болады.

Балалар мен жасөспірімдерге арналған ЖИ
Сондай-ақ президентке TUMO Astana креативті технологиялар орталығы таныстырылды. Бұл жоба цифрлық және шығармашылық дағдыларды меңгергісі келетін 12–18 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған.

Мұнда оқушылар мен студенттер 11 техникалық және креативті бағыт бойынша білім алады. Олардың қатарында генеративті жасанды интеллект, бағдарламалау, ойын ойлап табу, анимация, 3D-модельдеу, роботты техника, киноөнім және цифрлық музыка деген салалар бар.
ЖИ университеті
Мемлекет басшысына AI Research University тұжырымдамасы да таныстырылды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, зерттеу университеті Alem.ai базасында орналасады.
Студенттер alem.cloud, AlemLLM секілді ұлттық жасанды интеллект инфрақұрылымын және Astana Hub ресурсын пайдалана алады. Оқу 2026 жылғы 1 қыркүйекте басталады.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ ойындары-2026» халықаралық турниріне дейінгі кері санақты да интерактивті форматта іске қосты. Фиджитал-атлеттер арасындағы дода Астана қаласында 29 шілде мен 9 тамыз күндері аралығында өтеді.
Еске салайық, осыған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 95 университеттің оқу жоспарына ЖИ-ге қатысты пәндерді енгізгенін мәлімдеді.